"Жаппай жікке бөліну". Президент Жаһандық бейбітшілік индексін айтты

133
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/t1KOeeR1RbQujc2t2EjltlSMjhHju2aJb6HRkJdk.jpg

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде өтіп жатқан БРИКС-тің пленарлық отырысында сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорда жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

Мемлекет басшысы БРИКС-тің әлемдік экономикадағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, ұйымға мүше және серіктес елдер жаһан халқының шамамен жартысын құрайды, ал олардың үлесіне әлемдік жалпы ішкі өнімнің 40 пайызы тиесілі.

"Дегенмен халықаралық қоғамдастық алдында тұрған іргелі мәселелердің шешімін тауып, жетекші державалар арасындағы сенім деңгейін қалпына келтірмейінше, БРИКС әлеуетін толық іске асыру мүмкін емес. Бұл үрдіс 2026 жылы жарияланған Жаһандық бейбітшілік индексінде айқын көрініс тапты. Геосаяси қақтығыстар ушығып, милитаризация күшейген, көпжақты институттар әлсіреп, сауда кедергілері көбейген кезеңді сипаттайтын "Жаппай жікке бөліну" деген ұғым пайда болды", - деді Президент.

Президенттің айтуынша, былтыр әлем экономикасы қақтығыстар салдарынан шамамен 22 триллион доллар шығынға ұшыраған. Бұл жаһандық жалпы ішкі өнімнің шамамен 10 пайызына тең.

"Яғни әлемдік ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына парапар. Бұл - алаңдатарлық ахуал. Біз аймақтық кикілжіңдердің қақтығысушы тараптармен шектелмей, халықаралық экономикаға зардабын тигізе бастағанына куә болып отырмыз. Маңызды теңіз жолдарының үзілуі жаһандық энергетика, азық-түлік және сауда тізбегіндегі осал тұстарды анық көрсетті", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Comments