Бішкек қалалық соты Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиевті төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Сонымен қатар оған екі жыл мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.
Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиев 10 қыркүйекте Бішкек қалалық сотында өткен жарыссөз кезінде өз кінәсінің жоқ екенін айтты. Бұл туралы оның адвокаты Икрамидин Айткулов хабарлады.
Қорғаушының айтуынша, Тәшиев соттың әділ шешім шығаратынына сенетінін және ешқандай қылмыс жасамағанын айтқан.
«Ол өзінің кінәсі жоқ екенін, соттың әділ шешім шығаруға бір ғана мүмкіндігі бар екенін айтты. Ешқандай қылмыс жасамағанын, қазір болмаса да, кейін міндетті түрде ақталатынына сенетінін жеткізді», – деді адвокат.
Бұған дейін Қырғызстанның Бас прокуратурасы сот шешіміне шағым түсірген. Апелляциялық шағымды қарау кезінде прокуратура айыпталушыларды тоғыз жылға бас бостандығынан айырып, пробациялық бақылауды бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруды сұраған.
Осы іс бойынша Қырғызстанның бұрынғы бас прокуроры Құрманқұл Зулушев, Жоғары Кеңестің бұрынғы спикері Нұрланбек Тұрғынбекұлы және басқа да айыпталушыларға қатысты осындай үкім шығарылған.
24.kg мәліметінше, сот айыпты қайта саралап, істі «билікті күшпен басып алу» бабынан «сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіру» бабына ауыстырған.
Бұған дейін Бішкектің Бірінші мамыр аудандық соты Тәшиев пен басқа да сотталушыларды төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдап, пробациялық бақылау мерзімін үш жыл деп белгілеген еді. Үкімге қорғау тарапы да, мемлекеттік айыптаушы да шағым түсірген.
Прокуратура әр айыпталушыға тоғыз жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.
