Тағы да FlyArystan. Бір жолаушы үшін барлық жолаушы қайта түсіп, қайта мінген

107
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/rpcOOHVRH2MfFyT5zxUKNgSFYRDHbG2BpfiliodE.jpg

фото:FlyArystan

Алматыдан Астанаға ұшуы тиіс FlyArystan әуе компаниясының FS7063 рейсі 1 сағат 52 минутқа кешікті. Бұған борттағы жолаушылардың бірін рейстен түсіру және қауіпсіздік талаптарына сәйкес барлық жолаушыны қайта тексеру қажеттілігі себеп болған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengri Travel-ге сілтеп. 

Оқиға 24 тамыз күні рейс ұшар алдында болған. Әлеуметтік желіде жолаушылардың бірі қол жүгінің белгіленген салмақтан 400 грамм артық болғаны үшін жанжал шыққанын жазды. Оның айтуынша, жолаушы артық жүк үшін 11 мың теңге төлегенімен, кейін рейстен шығарылған.

Осыдан соң ұшақтағы 200-ден астам жолаушыдан борттан шығу сұралып, барлығы қайтадан қауіпсіздік тексеруінен өткен.

FlyArystan компаниясы рейстің кешіккенін растады. Әуе тасымалдаушысының мәліметінше, жолаушы белгіленген тасымалдау ережелерін бұзып, тәртіпсіздік танытқан.

«Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әуе кемесінің командирі бұл жолаушыны тасымалдаудан бас тарту туралы шешім қабылдады», – деп түсіндірді компанияның баспасөз қызметі.

Әуе компаниясының хабарлауынша, жолаушы рейстен шығарылғаннан кейін экипаж бен авиациялық қауіпсіздік қызметі тиісті процедураларды жүргізген. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, барлық жолаушы ұшақтан түсіріліп, әуе кемесіне қайтадан ұшу алдындағы тексеру жүргізілген.

Қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін жолаушылар бортқа қайта отырғызылған.

Нәтижесінде FS7063 рейсі жоспарланған уақыттан 1 сағат 52 минут кеш ұшқан. FlyArystan жолаушылардан туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.

Компания өкілдері мұндай жағдайда ұшу қауіпсіздігіне қатысты белгіленген процедураларды орындау міндетті екенін атап өтті.

Comments