АҚШ соты Қазақстан азаматтарына иммиграциялық виза беруді тоқтату туралы шешімді жойды

97
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/slhlCqIve1yU5VQI0vFmyjqaDiNxkrp9iBaZEDUR.jpg

АҚШ-тың федералдық соты Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтарына иммиграциялық виза беруді тоқтату туралы шешімнің күшін жойды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Ферғанаға сілтеп.

Бұл туралы 21 тамызда Нью-Йорктың Оңтүстік округінің федералдық соты шығарған шешімде айтылған. Судья Джанетт Варгас АҚШ мемлекеттік департаментінің 75 ел азаматына иммиграциялық виза беруді уақытша тоқтату саясатын заңсыз деп таныды. Соттың пікірінше, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио өзіне заңмен берілген өкілеттігін асыра пайдаланған.

Сот шешімінде виза алуға өтініш берген адамның АҚШ талаптарына сәйкестігі оның азаматтығына қарай жаппай емес, әр өтініш бойынша жеке қаралуы тиіс екені көрсетілген. Бұл ретте шешімді консулдық қызметкерлері қабылдауы қажет. АҚШ мемлекеттік департаменті мен Марко Рубиоға қарсы талапты Catholic Legal Immigration Network (CLINIC) және African Communities Together ұйымдары, сондай-ақ иммиграциялық виза алуға өтініш берген шетел азаматтары мен туыстарының АҚШ-қа келуіне жағдай жасауға тырысқан америкалықтар берген. Іс 2026 жылғы ақпанда қозғалған.

Сот даулы саясатқа ғана негізделіп берілген виза бас тартуларының күшін де жойды. Мұндай өтініштер енді әр адамға қатысты жеке тәртіппен қайта қаралуы тиіс. Алайда соттың бұл шешімі барлық өтініш берушіге автоматты түрде виза беріледі дегенді білдірмейді. Өтініш берушілерге АҚШ заңнамасында көзделген басқа да негіздер бойынша виза беруден бас тартылуы мүмкін.

АҚШ билігі 75 ел азаматына иммиграциялық виза беруді 14 қаңтарда уақытша тоқтататынын жариялаған. Шектеу 21 қаңтарда күшіне енді. Оған Орталық Азия елдерінің ішінен Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан кірген. Тәжікстан мен Түрікменстан 75 елдің тізіміне енгізілмеген. Сондықтан сот шешімі бұл елдердің азаматтарына тікелей қатысты емес.

Сонымен қатар екі елдің азаматтарына қатысты басқа да шектеулер бар. Тәжікстан мен Түрікменстан азаматтары туристік және іскерлік B1/B2 визаларын рәсімдеген кезде визалық кепілдік бағдарламасына қатысады. Тамыз айынан бастап оның ең жоғары мөлшері 20 мың долларға дейін ұлғайтылды. Бұдан бөлек, Түрікменстан азаматтарына 1 қаңтардан бастап иммиграциялық виза беруге қатысты жеке шектеу енгізілген.

Comments