Алматы соты журналист Гүлнар Бажкеноваға үкім шығарды

257
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/iHmaL1kMrAlF4tAOwp505jTODQZk7VHO7jHg55ri.jpg

Алматы қаласының соты Orda.kz ақпараттық порталының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды, алайда жазаны өтеу мерзімі екі жылға кейінге шегерілген.

Сот Бажкенованы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша кінәлі деп таныды. Оған көрінеу жалған ақпарат тарату, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету және заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу айыптары тағылған.

Алматы қалалық сотының мәліметінше, 2024 жылғы қарашадан 2025 жылғы желтоқсанға дейін Бажкенова Orda.kz басшысы қызметін атқара отырып, қызметтік жағдайын пайдаланып, компания шоттарынан 88,1 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қаражат бақылауындағы жеке кәсіпкердің есепшотына жалған жарнамалық, кәсіби және ғылыми қызметтерге ақы төлеу ретінде аударылған. Сондай-ақ оның ұлының жекеменшік халықаралық мектепте оқу ақысы төленген.

Сотта Бажкенованың жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегеніне қарамастан, Алматыда пәтерлерді сатып алу және сату операцияларынан 121,2 миллион теңге көлемінде табыс алғаны да анықталған. Сот материалдарына сәйкес, бұл табыс бойынша салық төленбеген.

Бұдан бөлек, сот ақпарат таратуға қатысты сегіз эпизодты қарады. Сот мәліметінше, 2024-2025 жылдары Бажкенова алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы көрінеу жалған ақпарат таратқан. Сот бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіргенін атап өтті.

Үкім бойынша Бажкенова бес жыл мерзімге БАҚ, журналистика, блогинг, жария іс-шаралар және өзге де қоғамдық қызмет салаларында жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сонымен қатар оған бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты ұйымдарда басшылық және материалдық жауапкершілігі бар лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.

Алайда сот жазаны өтеуді екі жылға кейінге қалдырды. Бұл шешім сотталған адамның 14 жасқа толмаған баласының болуына байланысты қабылданған.

Сонымен қатар сот Бажкеновадан 95 миллион 992 мың 350 теңге материалдық залалды өтеуді міндеттеді. Бұған қоса, 2 миллион 879 мың 770 теңге мемлекеттік баж және 6,8 миллион теңге көлемінде заң көмегіне жұмсалған шығындар мен жәбірленуші тараптың процестік шығындары өндірілді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, 2025 жылғы 1 желтоқсанда Алматыда Гүлнар Бажкенованың үйі мен Orda.kz редакциясында тінту жүргізілген. Алматы полициясы тергеу әрекеттерінің жүргізілгенін растаған. Полиция мәліметінше, қылмыстық іс азаматтардың арыздары негізінде интернетте көрінеу жалған ақпаратты бірнеше рет және қасақана тарату фактілері бойынша қозғалған. Тергеу барысында Бажкенованың электронды құрылғылары мен бірқатар материалдары тәркіленген.

Comments