Түркістанда Абай мұрасы ұлықталып, жастарға «Абай жолы» сыйға тартылды

83
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Nc3PzJj7c0p85VCjMX4tr5hmwSWfK5aUuXiHjlp0.jpg

Түркістан қаласында ұлы ақын, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мәдениет және өнер қайраткерлері, жастар мен қала тұрғындары қатысты.

Алдымен салтанатты жиынға қатысушылар ұлы ақынның рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Іс-шарада алғысөз алған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жиынға қатысушыларды Абай күнімен құттықтап, ұлы ақынның қазақ халқының рухани өміріндегі айрықша орнына тоқталды.

– Бүгін Түркістан төрінде рухани мәні бар жиында жолығып тұрмыз. 2020 жылдан бастап Абай Құнанбайұлының туған күніне орай 10 тамыз – «Абай күні» ретінде атап өтіледі. Өткен жылы ақынның 180 жылдық мерейтойы ел көлемінде жоғары деңгейде аталып өтті. Биылда бұл үрдіс жалғасын тауып, Абай шығармашылығын насихаттау бағытындағы шаралар ел аумағында кеңінен ұйымдастырылуда. Абай күні – данышпан ақынның есімін ұлықтайтын ғана емес, халқымыздың рухани жаңғыруын, ұлттық болмысы мен білім-парасатын айшықтайтын мереке. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Абай мұрасын ұлықтау – ұлтты ұйыстыратын, жас ұрпақтың санасын тәрбиелейтін маңызды құндылық екенін әрдайым айтып келеді. Сондықтан Абайды тану – өзімізді тану, Абайды оқу – елдің ертеңіне қызмет ету. Ұлы Абай «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деп елді бірлікке шақырған. Бұл біздің басты ұстанымыз болуға тиіс. «Абай күні» құтты болсын! Абай аманатына адал болып, елге адал қызмет ете берейік! – деді Нұралхан Оралбайұлы. 

Іс-шара барысында Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының оқушылары өнер көрсетіп, Абайдың өлеңдерінен әдеби композиция ұсынды. Сондай-ақ Абайдың «Көзімнің қарасы» атты әні орындалды. 

Бұдан бөлек, «Абай әлемі: Ойдан – өнегеге»» тақырыптық кітап және сурет көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған әдебиеттер мен көркем туындылар көпшілік назарына ұсынылды. 

Ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен зиялы қауым өкілдері жастарға және қала тұрғындарына қазақ әдебиетінің көрнекті туындысы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының көптомдығын тарту етті.

Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында Абай есімімен 1 ауылдық округ, 4 елдімекен, 110 көше, 15 мектеп аталады. Ұлы ақынның құрметіне 9 ескерткіш, 11 бюст орнатылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес тұрақты түрде жүргізілетін болады. 

Comments
Other materials