Ұлытау әкімі Жезқазған темір жол вокзалындағы жаңғырту жұмыстарын бақылады

155
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/GD5ghCe727Pq6bl7Usu8t6wIVTgoc6HS12hihXox.jpg

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен жұмыс сапары барысында Жезқазған қаласындағы темір жол вокзалын жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

Бүгінде нысанда ішкі және сыртқы қабырғаларды тегістеу, шатыр жабындысын ауыстыру, ішкі әрлеу, жылу, желдету және су бұру жүйелерін орнату жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі таңда ғимараттың қасбетін әрлеу және екінші қабаттағы инженерлік жүйелерді монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Жаңғырту аясында вокзалға заманауи эскалатор мен лифт орнатылған. Екінші қабатта жолаушыларға арналған фудкорт орналасады. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз жүріп-тұруына барлық қажетті жағдай қарастырылған.

Жалпы аумағы 2 500 шаршы метрді құрайтын нысанды аралау барысында облыс әкімі қасбетті әрлеуде қолданылатын заманауи сәндік сылақтың сапасына ерекше назар аударып, құрылыс жұмыстарының жоғары деңгейде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ аумақты абаттандыру жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлытау облысында төрт темір жол вокзалын жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Жезқазған және Қаражал қалаларындағы вокзалдар, Қызылжар станциясы мен Жаңаарқа кентіндегі темір жол вокзалдары толық жаңғыртылып жатыр. Барлық төрт нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланған.

Comments
Other materials