Екатеринбургте дрон өндіретін зауыт басшысына қастандық жасалды

115
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/n2ZzU3yxBLJFvBEqlSVMf46AhyQXi1DJj8hDpnRK.webp

Екатеринбург маңында автокөлік жарылып, «Уралдронзавод» компаниясының бас директоры Владимир Ткачук жарақат алды. Бұл туралы 5 тамызда 66.ru жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Басылымның жазуынша, Ткачук қастандық салдарынан жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. ТАСС агенттігі оның жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқанын және дәрігерлер өмірі үшін күресіп жатқанын хабарлады. Оқиғаға байланысты адам өлтіруге қоғамдық қауіпті тәсілмен оқталу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ал оның жүргізушісі оқиға орнында қаза тапқан.

Свердлов облысында орналасқан «Уралдронзавод» кәсіпорны Ресейдің Украинаға қарсы соғысында қолданылып жүрген «Упырь» үлгісіндегі ұшқышсыз аппараттарды шығарады. The Insider басылымының мәліметінше, Владимир Ткачук әскери мақсаттағы дрондарды әзірлеуді 2020 жылы қолға алған. Ресейдің Украинаға қарсы толық ауқымды соғысы басталғаннан кейін ол мұндай аппараттарды құрастыратын цех салған.

Болжам бойынша, «Упырь» дрондарының корпусының басым бөлігі 3D-принтер арқылы жасалады. Ткачуктың айтуынша, 2024 жылдың наурызына қарай аппараттың шамамен 60 пайызы Ресейде өндірілген бөлшектерден құрастырылған. Сол жылдың соңында кәсіпорын Еуроодақ санкцияларына ілікті.

Бұған дейін Тула қаласында дрон әзірлейтін тағы бір компания басшысына қастандық жасалған болатын. 29 шілдеде Ресей армиясы Украинадағы соғыста пайдаланатын «Овод» дрондарын әзірлеуші компанияның жетекшісі Андрей Черезовқа тұрғын үй подъезінде оқ атылған. Тула облысы бойынша Ресей Тергеу комитетінің мәліметінше, шабуыл сол жерде жасалған. Ал РИА Новости агенттігі қазіргі уақытта Черезовтың жағдайы тұрақты екенін хабарлады.

Comments