Қайтарылған активтер есебінен. Ақтөбеде су құбыры құрылысына 5 млрд теңге бөлінді

153
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/RQW1F7zBjr9DwpM3LtZzxrQuLMughWns0m50VNG6.webp

Ақтөбе облысындағы су құбыры желілерінің құрылысына қайтарылған активтер қаражаты есебінен 5 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін, 5 тамызда Үкіметтің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Ақтөбе облысындағы Сарыбұлақ жер асты сулары кен орнынан топтық су құбырын салуға Арнаулы мемлекеттік қордан 5 млрд теңге бөлінді. Жоба тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп, коммуналдық желілерге түсетін жүктеме артып келе жатқан Ақтөбе қаласының Батыс-1, Батыс-2 және Батыс-3 шағын аудандарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған»,– делінген хабарламада.

Сарыбұлақ кен орны облыс орталығынан 56 шақырым жерде орналасқан. Жоба аясында мұнда 20 артезиан ұңғымасы бұрғыланып, қажетті инфрақұрылыммен жабдықталмақ. Сондай-ақ топтық су құбыры салынып, желілер тұрғын үй алаптарына дейін жеткізіледі. Құрылыс жұмыстары биыл басталады.

Нысан пайдалануға берілгеннен кейін Ақтөбе қаласының тұрғындары, сондай-ақ Алға және Мұғалжар аудандарындағы елді мекендер тәулігіне қосымша 70 мың текше метрге дейін ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде облыс орталығының қарқынды дамып жатқан аудандарының өсіп келе жатқан сұранысын өтеу үшін тәулігіне 25 мың текше метр су бағытталады. Сарыбұлақ кен орнының барланған қоры өңірді алдағы 30 жыл бойы тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге жеткілікті.

Айта кетейік, 2024–2026 жылдар аралығында Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Үкімет жалпы құны 610 млрд теңгені құрайтын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыруды мақұлдады. Олардың басым бөлігі бүгінде пайдалануға берілді. Оның ішінде жалпы құны 226,5 млрд теңгені құрайтын 267 жоба су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

 

Comments