Тоқаев «Болашақ ойындарының» ашылуында жастарға үндеу жасады

158
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/48OyI5G45htAn824ZZbtj4oUOPE70MK1fPKauWsz.jpg

Президент Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирінің ашылу салтанатында сөз сөйледі. Бұл туралы бүгін, 29 шілдеде Ақорда жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Барыс Арена» стадионында ұйымдастырылған іс-шараға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және басқа да ресми тұлғалар құрметті қонақ ретінде қатысты.

Жиында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдің басшыларына, құрметті қонақтар мен халықаралық турнирге қатысу үшін елімізге келген спортшыларға ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы спорттың күш-қуаты, ақыл-ой мен цифрлық дәуірдің орасан әлеуеті үйлесім тапқан турнир баршаға ортақ жасампаздық ұстанымымен толық үндесетінін айтты.

«Бұл турнир кереғар дүниелерді бір арнаға тоғыстырады. Оның негізінде шынайы және виртуалды әлем арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдік жатыр. Бүгін осы аренаға негізінен жастар жиналып отыр. Сіздер білімді, талантты, еңбекқор, талапты болсаңыздар, болашақтың іргетасы бекемделе түсетіні анық. Алда өздеріңізді биік белестерге бастайтын соқтықпалы-соқпақсыз жол күтіп тұр. Ой-пікірі ортақ, мүддесі бір, сенімді серіктер жандарыңыздан табылғанда ғана бұл жолды еңсеру оңай болмақ. Ойынға қатысушылардың әрқайсысы тыңғылықты дайындықтан өтті. Олар өз командаларының намысын абыроймен қорғауға әзір. Сіздер «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, жаңа достар тауып, келешегі зор жобаларды бірлесе қолға аласыздар деп сенемін. Себебі, «Болашақ ойындарының» басты миссиясы – адамдарды жаңа жетістіктер жолында жұмылдыру және жігерлендіру. «Болашақ ойындары» елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың, достық пен келісімнің «алтын көпіріне» айналады деп сенемін»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент спортшыларға сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларға, серіктестерге, төрешілер мен жаттықтырушыларға, тиісті мамандарға, еріктілерге және осы тамаша спорт мерекесін өткізуге атсалысқан барша азаматқа шынайы ризашылығын білдірді.

Ашылу салтанатында Ресей Президенті Владимир Путиннің турнир қатысушыларына бейнеүндеуі көрсетілді.

Сонымен қатар жиында Болашақ ойындарының бас директоры Дэн Меркли сөз сөйледі.

Бұдан соң көрермендер театрландырылған шоу мен отандық эстрада жұлдыздары қатысқан концерттік бағдарламаны тамашалады.

29 шілде – 9 тамыз аралығында Астана қаласында алғаш рет киберспорт пен спорттың дәстүрлі түрлерін және жаңа технологияны ұштастырған халықаралық турнир өтеді. Биылғы сайыстарға 34 елден келген 800-ден астам спортшы қатысады.

Астанадағы турнирде спортшылар фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-шутер, фиджитал-би, Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang және PUBG: Battlegrounds секілді 8 бағыт бойынша күш сынасады.

 

Comments