Ақ патшаға қарсы Қоянды петициясы қабылданған күн

76
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/l5tr6k5Wxdr5vSw8m6n9BW6WCEWIPmgm7TDubA6u.jpg

Биыл Қоянды жәрмеңкесінде петиция қабылданғанына 121 жыл толып отыр, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

1905 жылғы 25 шілдеде Қарқаралы маңындағы әйгілі Қоянды жәрмеңкесінде жиналған мыңдаған қазақ патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы алғаш рет саяси талаптар қойылған петицияны қабылдады. Бұл құжат Ресей империясының билігіне жолданған қазақ халқының тұңғыш маңызды саяси үндеуі ретінде тарихта қалды.

Петицияда қазақ жеріндегі отарлық басқару жүйесін өзгерту, әкімшілік реформалар жүргізу, азаматтық және сот істерін қазақ тілінде қарауды заңдастыру, отарлық басқару аппаратындағы шенеуніктер санын қысқарту, Мемлекеттік Дума мен жоғарғы билік органдарына қазақ өкілдерінің сайлануын қамтамасыз ету секілді талаптар көтерілді.

Құжат тек Ресей патшасының атына ғана емес, «Сын Отечества» мен «Русские ведомости» сияқты ресейлік басылымдардың редакцияларына да жолданып, қазақ халқының талап-тілегін империяның орталығына жеткізу көзделді.

Тарихи бастаманы сол кезеңдегі бірнеше болыстың беделді азаматтары көтерді. Олардың қатарында Абыралы болысынан Мұса Құлбаев пен Сүлеймен Қойсоймасов, Ақбота болысынан Жүсіп Құлбатыров пен Бектібай Ботабаев, Бөрілі болысынан Толмұхамет Алтынторин мен Рақия Сатпаев, Дегелең болысынан Керімхан Төлебаев пен Тышқанбай Қашақов, Темірші болысынан Секербай Қанғожин мен Оспан Жанғабылов болды. Мыңдаған адам осы петицияға қол қойып, қазақ халқының саяси құқығы мен ұлттық мүддесін қорғауға үн қосты.

Comments
Other materials