Трамп Еуроодаққа Google-ға салынған айыппұлға байланысты қатаң тарифтер енгізетінін айтты

169
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/J9HSwbAh1pLlddxsr9hF4bhlRBip870QSNiyuvCF.jpg

АҚШ президенті Трамп Еуропалық комиссияның америкалық Google компаниясына 890 млн еуро көлемінде айыппұл салу туралы шешіміне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі BILD-ке сілтеп.

Еуропалық одаққа қарсы жауап шаралары қабылданатынын айтты. Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Еуроодақтың әрекетін «заңсыз әрі этикаға қайшы» деп бағалап, оған жауап ретінде ЕО-ға қатысты елеулі тарифтер енгізілетінін жазды.

Еуропалық комиссия Google компаниясын интернеттегі бәсекелестікті шектеді деп айыптап отыр. Тергеу қорытындысына сәйкес, компания іздеу нәтижелерінде өз сервистеріне басымдық берген. Сонымен қатар Android платформасындағы қосымша әзірлеушілердің пайдаланушыларды балама төлем жүйелері мен қосымшалар дүкендеріне бағыттауына кедергі келтіргені айтылған. Google тағылған айыптарды жоққа шығарып, Брюссельдің талаптары іздеу жүйесінің сапасын төмендетіп, Play Store дүкенінің қауіпсіздік тетіктерін әлсірететінін мәлімдеді. Компания Еурокомиссия шешіміне шағымдану мүмкіндігін де қарастырып жатқанын хабарлады.

Айта кетейік, бұл Google-ға Еуропалық одақ тарапынан салынған алғашқы айыппұл емес. Соңғы шешімді қоса есептегенде, компанияға салынған антимонополиялық айыппұлдардың жалпы көлемі 10,38 млрд еуроға жетті.

Comments