Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

121
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/tRSTvfsuoLT3t0pwPLjQMiRqjAO3iwv0ZojrYG7G.jpg

Ұлттық банктің Ақша-несие саясаты комитеті кезекті шешімін шығарып, базалық мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа, 16,75%-ға дейін төмендетті, деп хабарлайды "Адырна".

Ұлттық банк мәліметінше, оған жылдық инфляцияның тоғыз ай бойы төмендеуі себеп болған. Маусым айында жылдық инфляция 10,3% деңгейінде тұрақтаған. Ал азық-түлік инфляциясы 10,7%-дан 10,4%-ға дейін төмендеді.

Азық-түлікке жатпайтын инфляция 11,7% деңгейінде сақталды. Реттелетін коммуналдық қызметтер бағасының жылдық төмендеуі кезінде реттелмейтін қызметтердің қымбаттауы аясында қызметтер инфляциясы 9,0% (мамырда – 8,7%) көрсетті.

Бас банк қабылданған шешім жылдық инфляцияның төмендеу үрдісін ескеріп, ақша-кредит шарттарын соған сай түзетуге мүмкіндік беретінін атап өтеді.

«Келесі шешімдерді қабылдау үшін ағымдағы инфляция динамикасының орнықтылығы, реттелетін тарифтерді индекстеу параметрлері, сыртқы отын және тауарлар нарығындағы ахуалдың дамуы туралы деректерді жинақтау қажет. Ұстамды қатаң ақша кредит шарттарын дәйекті түрде сақтау инфляцияның одан әрі төмендеуіне және ортамерзімді перспективада мақсатты 5%-ға оралуына ықпал етеді», – делінген бас банк хабарламасында.

Бұл ретте бас банк инфляцияға әсер ететін факторларды қысым әлі де жоғары екенін атап өтеді. Олардың қатарында құбылмалы инфляциялық болжамдар, жанар-жағармай бағасы мен тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифінің өсуі, тұтынушылық белсенділіктің ықтимал күшеюі, сондай-ақ сыртқы нарықта мұнай бағасың қымбаттауы, азық-түліктің қымбаттауы бар.

Базалық мөлшерлемені 2025 жылдың қазанына дейін 18 пайыз деңгейінде ұстаған бас банк маусым айындағы шешімінде негізгі көрсеткішті бірден 17 пайызға дейін төмендеткен.

 

Comments