Абай және цифрлық дәуір

176
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0bvD91OZWMXZtdJibudu0QRfrdRRHwA4mQhhVQb7.png

Қазақтың ұлы ақыны, ғұлама ойшылы Абай Құнанбайұлы – XIX ғасырдың перзенті десек те оның сөзі мен идеяcы уақыт шеңберіне сыймайды. Бүгінгі смартфонға телмірген, әлеуметтік желіде өмір сүретін қоғамның да өз Абайы бар десек қателеспейміз. Ақынның өлеңдері мен қара сөздері ХХІ ғасырдың цифрлық тасқынында адасқан адамға да жол сілтер шамшырақ іспетті.

Бүгінде әлем жасанды интеллект, нейрожелі, big data секілді ұғымдарға сүйенеді. Ал Абай заманында басты «деректер қоры» – адамның жүрегі мен санасы еді. Мысалы Абай «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дейді. Мұны желідегі алгоритмдерден де мықты код десек болады.  Ол – адамгершілік коды.

Біз ақпараты мидай сапырылысқан цифрлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Тәулігіне қаншама ақпарат естиміз, жаңалық оқимыз. Осындай тұста Абайдың «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деген ескертуі ақпараттық тасқын арасынан шындық пен шынайылықты айыруға үндейді.

Ал Instagram мен TikTok – заманауи ақындардың мінбері. Мұнда әлеуметтік желі тұтынушылары лайк санына, қаралымға тәуелді. Абай болса, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп, сыртқы мақтаудан гөрі ішкі еңбекті бағалауға шақырады.

Сол сияқты YouTube-та бір сәтте миллиондаған пікір жазылады, бірақ оның ішінде ізгіліктің дәнін іздеп табу қиын. Абайдың «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар» деп басталатын 7-ші қара сөзін оқысаңыз, ол – нағыз медиасауаттың оқу құралы.
Ұлы ақынның қара сөздерін бүгінгі тілмен суреттесек, терең ойлы блог-посттар деуге болады. Әрбір сөзі – оқырманға бағытталған жеке «мотивациялық подкаст». Мысалы, 38-ші қара сөзіндегі «толық адам» ілімі – қазіргі коучинг пен психологиядағы «self-development» тұжырымынан кем емес.

Ал Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген мұңы бүгінгі гаджетке, әлеуметтік желіге тәуелділік туралы ма дерсіз. Сондай-ақ «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі бес асыл іс – әлеуметтік желідегі хайп пен бос мақтанға қарсы вакцинаның дәл өзі.

Расында, ақпарат тасқынында адаспау үшін – Абайдың нақылдары фильтр қызметін атқарады. Моральдық бағдар үшін – «Толық адам» концепциясы этикалық кодекс бола алады. Мәдени иммунитет үшін – Абай тілі мен ойы ұлттық болмыс пен жаһандану арасындағы көпір.

Айша ӘУЕСБАЙ

Comments
Other materials