Киевте Қазақстан азаматтарын есірткі бизнесіне тартқан call-орталықтар әшкереленді

231
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/jKfOLyEBZzNrguxrvFyx72HZLIJTvAJ7lEu4MBlT.jpg

Киевте Қазақстаннан есірткі жасырушыларды тартумен айналысқан call-орталықтардың желісі жойылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«28 мамырда Киев қаласында Еуропа мен ТМД елдерінде синтетикалық есірткі өндіру және таратумен айналысқан қылмыстық ұйымға тиесілі call-орталықтардың қызметі тоқтатылды. Тергеу барысында бұл орталықтардың адамдарды есірткі бизнесіне тарту үшін пайдаланылғаны анықталды. Операторлар мен менеджерлер Қазақстан аумағында есірткі жасырушы және есірткі ораушы рөліне адамдарды іздеп, оларды заңсыз жұмысқа қабылдаған»,– деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.

Арнайы операция нәтижесінде 11 адам ұсталған. Олардың арасында ұйымдастырушылар, операторлар және адамдарды заңсыз жұмысқа тартумен айналысқан қызметкерлер бар. Тоғыз мекенжайда тінту жүргізіліп, шамамен 40 мың АҚШ доллары, 10 мың еуро, Range Rover автокөлігі, 18 ұялы телефон, 12 ноутбук пен планшет тәркіленген.

«Қазір тәркіленген техникадағы мәліметтер зерттеліп жатыр. Сонымен қатар ұйымдастырушылардың аккаунттары анықталып, қаржылық тергеу жүргізілуде»,– деді спикер.

Comments