Алматының Түрксіб ауданында жалдамалы пәтерлердің бірінен 32 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Полицейлер қылмысқа күдіктіні бірнеше сағат ішінде ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.
Мәліметке сәйкес, Түрксіб ауданында ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабар түскеннен кейін оқиға орнына жедел-тергеу тобы барған.
Тәртіп сақшылары қысқа уақыт ішінде марқұмның араласқан адамдарын анықтап, күдіктіге шыққан.
Тергеудің алдын ала нұсқасына сәйкес, оқиға алдында екі ер адам бірге ішімдік ішкен. Кейін олардың арасында жанжал туындаған.
Полицияның мәліметінше, күдікті жанжал кезінде ер адамға өлімге әкелген дене жарақаттарын салған.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті кейін қылмыстың ізін жасыруға әрекет жасаған.
Ол мәйітті азық-түлік пленкасымен орап, басқа жерге алып кетуді жоспарлаған. Алайда бұл ойын жүзеге асырып үлгермеген.
Полиция қызметкерлері мәйіт табылғаннан кейін бірнеше сағат ішінде күдіктіні қолға түсірген.
Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
