Жеке клиникада дәрігерлер отаға әзірлеген адам көз жұмды

132
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nkdxoiosbOq0lza92KdLKso8uR7MRuj0evyF0AMS.webp

Астанадағы жеке клиникада жоспарлы операцияға дайындалып жатқан запастағы полковник көз жұмды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ақ Жайыққа сілтеп.

Қайғылы оқиға туралы марқұмның қызы әлеуметтік желіде мәлімдеді.

Туыстарының айтуынша, 51 жастағы ер адам мұрын қалқасын түзету және ұйқы кезіндегі тыныс алудың тоқтап қалуын емдеу мақсатында септопластика мен увулопластика жасатуға келген. Алайда операция басталмай жатып оның жағдайы күрт нашарлаған.

Марқұмның қызының сөзінше, науқасқа көктамыр арқылы медициналық препарат енгізілгеннен кейін жүрегі кенеттен тоқтап қалған. Одан кейін ол жедел түрде №2 қалалық ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген.

Дәрігерлер алты күн бойы ер адамның өмірі үшін күрескен. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге ми ісінуі себеп болған.

Марқұмның жақындары оқиғаның жан-жақты әрі объективті тергелуін талап етіп отыр. Олар сот-медициналық сараптама қорытындысын, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі мен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ресми ұстанымын күтуде.

«Әкем қарапайым жоспарлы операцияға барған еді, бірақ үйіне оралмады. Енгізілген препараттың қауіпсіздігі тексеріліп, медицина қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға берілуін талап етеміз», – деп жазды марқұмның қызы.

Comments