Ақтөбе қалалық соты 35 жастағы Азат Қонысқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ол Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыру») бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында қазақ халқының ұлттық құндылығы саналатын домбыраға қатысты оны «харам» деп атап, қорлайтын пікір білдірген. Сондай-ақ ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдеріне тіл тигізген. Сараптама қорытындысы оның сөздерінде ұлттық және діни алауыздықты қоздыру белгілері бар екенін анықтаған.
Сот отырысында Азат Қоныс кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтып, қазақ халқынан кешірім сұрады. Алайда сот оның әрекетін қоғамға қауіпті құқықбұзушылық деп бағалап, мемлекеттік айыптаушы сұраған жаза мерзімін бекітті.
Еске салайық, бұл оқиға әлеуметтік желілерде тараған видеодан кейін белгілі болған. Кейін құқық қорғау органдары күдіктіні анықтап, оны қамауға алған еді.
Мамандар мұндай істер қоғамдағы діни және ұлттық келісімді сақтаудың маңызын көрсететінін атап өтеді. Қазақстан заңнамасына сәйкес, алауыздықты қоздыруға бағытталған кез келген әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.
The minister does not see anything wrong with teachers participating in school yard clean-up activities
