Қазақ бишілері ресейлік әншінің Алматыдағы концертінде өнер көрсетуден бас тартты

65
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/aT0MZqx2R8yHB3GDJlusGMqIZBvUnialhGEq0Y0b.jpg

Алматы қаласында өткен ресейлік әнші Мот концерті кезінде отандық шығармашылық ұжымдар мен шетелдік ұйымдастырушылар арасында түсініспеушілік туындады. Белгілі биші әрі хореограф Әнел Қалиева өз командасымен бірге 21 мамыр күні өткен концертте өнер көрсетуден бас тартқанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна". 

Хореографтың айтуынша, мұндай шешімге дайындық барысында жергілікті мамандарға көрсетілген кәсіби құрметсіздік себеп болған.

Бұл туралы Әнел Қалиева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Мен жанжал іздейтін адам емеспін. Бірақ кеше репетиция кезінде шетелдік топтың біздің өнерпаздарға деген сыйластық танытпағанын байқадық. Осыдан кейін командамен бірге бұл концертте билемейміз деп шешіп, кетіп қалдық. Өз тәжірибемде алғаш рет осындай жағдайға тап болдым», – деді ол.

Сондай-ақ ол Қазақстанға гастрольдік сапармен келетін шетелдік әртістер мен олардың командасы жергілікті мамандардың еңбегін бағалап, кәсіби этиканы сақтау керегін атап өтті.

Желіде бишінің әрекетін қолдағандар да, сынағандар да болды. Кейбір қолданушылар мұндай ірі халықаралық сахнадан бас тартуды үлкен мүмкіндікті жіберіп алу деп бағаласа, Әнел Қалиева бұл пікірмен келіспейтінін жеткізді.

«24 мамыр күні өзіміздің Қайрат Нұртаспен бірге сахнаға шығамын. Мен үшін нағыз мүмкіндік әрі аңыз – сол кісі. Ал бізді сыйламаған өзге елдің әншісі үшін намысымызды таптатудың қажеті жоқ», – деді хореограф.

Өнер иесінің бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшілік қазақстандық бишілердің кәсіби абыройы мен намысын қорғаған қадамын қолдап жатыр.

Comments