Қазақстан мен Түркия "мәңгілік достыққа" қалай жетті?

179
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/bEjrMqwMoDhnvkZZ4Aqaz7NXzNc8U4GHuIkXu6rr.jpg

Астанада Қазақстан мен Түркия арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы өтті. Жиында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды "Адырна".

Кездесуде келтірілген мәліметтерге сәйкес, Түркияның Қазақстанға салған инвестиция көлемі 6 миллиард долларды құраса, Қазақстанның Түркия экономикасына салған инвестициясы шамамен 2,5 миллиард долларға жеткен. Түркия Қазақстанның негізгі бес сауда серіктесінің қатарына кіреді.

Соңғы бір жылда екі ел арасындағы тауар айналымы 9 пайызға өсіп, 5,4 миллиард долларға жетті. Ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 25 пайызды құрап, 360 миллион долларға жеткен.

Қазақстан тарапы Түркияға экспортталатын тауарлар көлемін кеңейтіп, 34 түрлі өнім бойынша қосымша 630 миллион долларлық жеткізілім жасауға дайын екенін білдірді.

Отырыс барысында басты құжат ретінде «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларация» қаралды. Мемлекетаралық деңгейдегі бұл құжатта «мәңгілік» ұғымының қолданылуы – дипломатиялық тәжірибеде сирек кездесетін символикалық қадам ретінде бағаланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайып Ердоғанды «салмақты әрі көреген саясаттың авторы» деп атап өтті.

Сондай-ақ Тоқаев Түркияны Еуропа мен Азияны жалғап тұрған «алтын көпір» ретінде сипаттады. Оның айтуынша, Қазақстан осы геосаяси және экономикалық байланыстың маңызды бағыттарының бірі болып отыр.

Кездесуде білім саласындағы бірқатар жобалар да айтылды. 2023 жылғы жер сілкінісінен зардап шеккен Газиантеп қаласында Қазақстан Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектеп салғаны атап өтілді.

Сонымен қатар Түркияның «Маариф» қоры Астана мен Алматыда мектептер ашуды жоспарлап отыр. Шымкент қаласында түрік университетінің филиалын ашу мәселесі де қарастырылуда.

Өз кезегінде Режеп Тайып Ердоған Қазақстандағы конституциялық реформаларға тоқталып, референдум арқылы қабылданған өзгерістер ел бірлігін нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Ол сондай-ақ алдағы кезеңдегі негізгі мақсат ретінде екіжақты тауар айналымын 15 миллиард долларға дейін арттыру міндетін атады. 

Айта кетсек, Қазақстанда жаңа мемлекеттік наградалар пайда болған еді. 

Сенат «Мемлекеттік наградалар туралы» заңға енгізілген өзгерістерді мақұлдап, үш жаңа орден енгізіледі:

  • Al-Farabi – білім, ғылым, мәдениет және рухани өмір салаларындағы жетістіктері үшін;
  • Qoja Ahmet Yasaui – елдің дамуына, мемлекеттілікке, сондай-ақ қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени салалардың дамуына үлес қосқан ғалымдар мен мемлекеттік және қоғам қайраткерлеріне беріледі;
  •  Мейірім – әлеуметтік жауапкершілік танытып, қайырымдылық, меценаттық және филантропияға үлес қосқан азаматтарға табысталады.

Солардың бірі Qoja Ahmet Yasaui орденін алғашқы болып, Түркия президенті алған болатын.

Comments