Батырлар ерлігі – ұрпақ жадында: Ақмола облысында Жеңіс күні аталып өтті

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/rnbT5adIvgWcRLf5l80mOJs4GbB7R7ERvw10p9vI.jpg

Ақмола облысында Жеңістің 81 жылдығына арналған тағылымды шаралар өтіп, бейбіт өмір үшін жанын қиған боздақтардың рухына тағзым жасалды. Көкшетаудағы «Мәңгілік алау» мемориалы маңына жиналған облыс басшылығы, депутаттар, құқық қорғау органдарының өкілдері мен жүздеген тұрғын майдангерлерді еске алып, олардың ерлігіне құрмет көрсетті.

Салтанатты шараның ерекше әсерлі өтуіне қазақтың қаһарман ұлы Рақымжан Қошқарбаевқа арналған әндер себеп болды. Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып Жеңіс туын тіккен батырға арналған патриоттық шығармалар жиылған жұрттың рухын көтеріп, мерекелік жиынға айрықша мән берді.

Рәсім бір минут үнсіздікпен жалғасып, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің рухы еске алынды. Кейін қарудан оқ атылып, Отан қорғаушыларға деген мәңгілік құрмет көрсетілді. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов депутаттармен, күштік құрылымдардың басшыларымен және әскери қызметкерлермен бірге «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойды.

Тағзым рәсімінен кейін қатысушылар өзге де тарихи орындарға барып, құрмет көрсетті. Гүл шоқтары «Жұлдыз» мемориалына, аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдиновтің ескерткішіне және Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің монументіне қойылды.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов бұл күннің маңыздылығы ұрпақтар сабақтастығымен өлшенетінін атап өтті.

«Біз үшін ең бастысы – сол соғыстың тарихы ұмытылмай, халық жадында сақталуы. Бүгін алаңда жастардың, студенттер мен оқушылардың көп болуы – соның дәлелі. Бұл – батырлар ерлігі кейінгі ұрпаққа аманат болып жетіп жатқанын көрсетеді. Барша қазақстандықтарға бейбіт аспан мен елімізге өркендеу тілеймін», – деді ол.

Мерекелік көңіл күйді мазмұнды мәдени бағдарлама толықтырды. «Жағалау» жағалауында қала тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы тақырыптық алаңдар ұйымдастырылып, шығармашылық ұжымдардың өнері ұсынылды. Соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, хор ұжымдары патриоттық шығармалар орындады. Сонымен қатар облыстық музейдің көшпелі көрмелері, әскери шатырлар мен деректі фильм көрсетілімдері көпшілік назарына ұсынылды.

Мерекенің шарықтау шегі «Жағалау» сахнасында өткен ауқымды концерттік бағдарламаға ұласты. Онда өнерпаздар мен қала тұрғындары бір алаңда бас қосып, батырлар рухына тағзым етіп, Жеңіс жолында жанын қиған жандарға деген алғыстарын білдірді.

Comments
Other materials