Әзербайжан Еуропарламентпен ынтымақтастықты тоқтатты

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/MH9308rJUs6vrS7YqI0YdxtoGgDXOhmZwDDqJ9Fu.jpg

Әзербайжан парламенті Еуропарламентпен барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы «Азаттық радиосының» Әзербайжан қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

ЕО–Әзербайжан парламенттік ынтымақтастық комитетіне қатысуды тоқтату және «Евронест» Парламенттік ассамблеясындағы мүшелікті тоқтату рәсімін бастау туралы шешім қабылданған. Рәсім аяқталғанға дейін Әзербайжан делегациясы бұл ұйымның іс-шараларына қатыспайды деп көрсетілген.

Әзербайжан сыртқы істер министрлігі Еуропалық Одақтың Әзербайжандағы елшісі Мариана Куюнджичті шақырып, Еуропарламенттің 30 сәуірде қабылдаған резолюциясына байланысты наразылық нотасын тапсырған.

Резолюцияда Еуропарламент Таулы Қарабақтағы армяндардың құқықтарын, соның ішінде олардың жеке болмысын, мүлкін және мәдени мұрасын қорғауды қолдайтынын растайды. Сондай-ақ олардың халықаралық тиісті кепілдіктермен қауіпсіз әрі еркін түрде оралу құқығын қолдайтыны айтылған. Бұған қоса, армян мәдени және діни мұрасын жоюға жауаптыларды жауапқа тартуға шақырған. Және де еуродепутаттар Әзербайжан тарапынан армяндардың ұсталуын айыптап, оларды дереу босатуды талап еткен.

Әзербайжан СІМ-нің пікірінше, резолюциядағы бұл тұжырымдар «шындықты бұрмалайды, объективтілік принциптеріне қайшы келеді және мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу міндеттемелеріне сәйкес келмейді». Ведомствоның хабарлауынша, армян тұрғындарының Қарабақ аймағына қайта оралуы туралы айтылған тұжырымдар «толық негізсіз», ал мұндай үндеулер Әзербайжанның ішкі істеріне араласу сипатында болып отыр.

Еске салайық, Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабаққа қатысты аумақтық дау 1980-жылдардың соңынан бері жалғасып келді.

Comments