«Таза жағалау»: Қарағанды облысының еріктілері Нұра жағасын тазалап, экологияға көзқарасты өзгертуде

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/zf2L9R3wfX1EB2RJ9xXhkwsXpO5ImgifXPPMcZEP.jpg

Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде «Таза жағалау» экологиялық акциясы өтіп, табиғатқа неқұрайлы қарамайтын жүзге жуық тұрғынды біріктірді. Еріктілер Нұра өзенінің жағасына шығып, жағалауды тұрмыстық қалдықтардан тазалап, аумақты ретке келтірді.

Бірнеше сағаттың ішінде қатысушылар жағалаудың санитарлық жағдайын айтарлықтай жақсартты. Қоқысқа толы қаптар, тазартылған аумақтар және ретке келтірілген демалыс орындары – бірлескен еңбектің нәтижесі. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар экологиялық мәселелерді шешіп қана қоймай, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыратынын атап өтті.

— Қоршаған ортаның тазалығы әрқайсымызға байланысты. Мұндай акциялар экологиялық жағдайды жақсартып қана қоймай, адамдарды табиғатты қорғау сияқты ортақ мақсат төңірегіне біріктіреді, — деді Бұқар жырау ауданы Жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Ернат Әбутаев.

Акция офлайн форматтан асып түсті. Әлеуметтік желілерде «Өзіңнен баста» онлайн-кампаниясы ұйымдастырылып, оған жастар, эко-белсенділер мен блогерлер қатысты. #ТазаҚазақстан хэштегімен жарияланған жазбалар экология және әр адамның жеке жауапкершілігі мәселелеріне кең аудиторияның назарын аударды.

Іс шара «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында өтті. Оның басты мақсаты – қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендету, тұрғындарды экологиялық жобаларға тарту және өмір сүруге қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, осындай, тіпті жергілікті деңгейдегі қадамдардың өзі қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырып, ауқымды өзгерістерге негіз болады.

Comments