Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестік нығая түсті

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/YFaaXnLvgbTXcwZLPeSjoMD4sOB5zESmB2uNt8NS.jpg

Қазақстан Президентінің арнайы өкілі Ержан Қазыхан АҚШ-қа жасаған ресми сапары аясында Марко Рубиомен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Қазыхан Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Дональд Трампқа сәлемін жеткізіп, Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ саяси диалогтың тұрақтылығы мен практикалық ынтымақтастықтың кеңеюіне ерекше мән берілді.

Тараптар 2025 жылдың қараша айында Ақ үйдің Сопақ кабинетінде өткен екі ел көшбасшыларының кездесуінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселесін талқылады. Оның ішінде шамамен 20 миллиард долларды құрайтын бірлескен инвестициялық жобаларға назар аударылды.

Келіссөздер барысында Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз ету бағытындағы бастамалары, елдегі ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы ақпарат берілді. АҚШ тарапы өз кезегінде екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі деңгейіне жоғары баға беріп, оны одан әрі тереңдетуге дайын екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды күшейтіп, кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытуға уағдаласты.

Сонымен қатар, Ержан Қазыхан америкалық әріптесін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Comments