Қазақстанда халықаралық тасымалдар азайып, ішкі жүк тасымалы артқан

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/xk2soXMwnaPme8dpelCecVnmBfY7XVKe1IWVUy9z.jpg

2026 жылдың І тоқсанында Қазақстанда халықаралық тасымалдарға сұраныс төмендеп, ішкі тасымалдар өскен. Бұл туралы халықаралық ATI.SU логистикалық платформасы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Елімізде экспорт-импорттық тасымалдарға өтінімдер саны айтарлықтай азайғанымен, ел ішіндегі жүк жеткізуге сұраныс әлі де өсіп отыр. Қазақстаннан басқа елдерге тасымалдарға өтінімдер жылдық есепте 32%-ға, ал 2025 жылдың IV тоқсанымен салыстырғанда 28%-ға қысқарған. Бұл ретте Ресей бағыты бойынша сұраныс 36%-ға төмендеген, Өзбекстанға тасымалдар да аздап қысқарған. Ал Қытай мен Беларусь бағытындағы жүк тасымалы, керісінше, артқан.

Қазақстанға келетін тасымалдар бойынша өтінімдер 16%-ға (жылдық есепте) және 6,8%-ға (IV тоқсанмен салыстырғанда) азайған. Мұнда да негізгі төмендеу Ресей бағытына тиесілі. Ол 18 % пайызды құрайды. Сондай-ақ Польша, Литва, Германия сияқты Еуропа елдеріне тасымалдар да азайған, ал Түркия мен Беларусь бағыттарында өсім байқалған. Ресей бағыты бойынша жағдай кедендік бақылаудың қатаңдауы мен шекарадағы кезектерге байланысты күрделене түскен. Бұл мәселе өткен жылдың күзінен бері жалғасып келеді.

Қазақстан ішіндегі тасымалдар жылдық есепте 29%-ға өскен, алайда 2025 жылдың IV тоқсанымен салыстырғанда 12%-ға төмендеген. Мамандар мұны маусымдық факторлармен түсіндіреді, өйткені жыл соңында жаңа жыл алдындағы жеткізілімдерге байланысты әрдайым өсім байқалады.

Comments