Аннексияланған Қырымда Ан-26 әскери-көлік ұшағының апаты кезінде генерал-лейтенант Александр Отрощенко қаза тапты. Бұл туралы Мурманск облысының губернаторы Андрей Чибис мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ан-26 ұшағы 31 наурыз күні жоспарлы ұшу кезінде апатқа ұшыраған еді. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бортта 29 адам болған. Ведомство ұшаққа «сыртқы соққы әсері болмағанын» мәлімдеді.
«Медиазона» басылымы мен BBC-дің орыс қызметінің есебіне сәйкес, Александр Отрощенко – Ресейдің Украинаға қарсы толық ауқымды соғысы басталғалы бері қаза тапқан Ресей армиясының бесінші генерал-лейтенанты. Ол 2010–2013 жылдары Ресейдің Қара теңіз флотының теңіз авиациясын басқарған, кейін Солтүстік флоттың теңіз авиациясын басқаруға тағайындалып, Ресей әуе-ғарыш күштерінің 45-армиясын басқарған. Генерал-лейтенант атағы оған 2019 жылы берілген, ал бес жылдан кейін Солтүстік флоттың аралас авиациялық корпусының командирі болып тағайындалған.
The Insider басылымының мәліметінше, Отрощенко 2014 жылы Қырымды аннексиялауға және Ресейдің Сириядағы әскери операциясына қатысқан.
