Нұрай ісі. Күдікті психоорталыққа жатқызылған

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/enjdoKy0jvRw3ma9a4IJbYKfIAcrLgmWYAaVdNtL.webp

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Қалалық ПД мәліметінше, күдікті мамандандырылған мекемеге мәжбүрлі емдеуге жіберілген.

«Күдіктіге қатысты кісі өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг деректері бойынша тергеу амалдары жалғасуда. Қылмыстық іс бақылауға алынған. Екі мәрте жүргізілген сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша күдіктінің бойынан психикалық ауытқулар анықталды. Осыған байланысты ол мамандандырылған мекемеге мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді»,- делінген хабарламада.

Департамент өкілдері тергеушілердің жәбірленуші тараппен тұрақты байланыста екенін атап өтті.

«Қабылданған барлық процестік шешім бойынша түсініктемелер беріліп жатыр. Заңда белгіленген тәртіппен тергеу барысы туралы ақпарат жеткізіліп, сараптама нәтижелері мен істің өзге де материалдары таныстырылуда. Азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырамыз. Көрінеу жалған мәлімет таратқаны үшін, тіпті қылмыстық жауаптылыққа дейін шара қолданылатынын ескертеміз», - деп түсіндірді полиция.

Естеріңізге салайық, 11 қаңтарда Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйдің маңынан жас қыздың мәйіті табылған еді. Марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болған. 13 қаңтарда күдіктінің Шымкенттен 10 шақырым жерде ұсталғаны айтылды.

Comments