ҚМДБ өз жұмысын қайта қарауы керек – Бапи

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/d1gmBzLcLsTgF8YfqDacwUxs1MH0hhdfKrxzqUJm.jpg

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи әлеуметтік желілерде тараған теріс діни ақпараттар пен қақтығыстарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол қарабайыр діндарлардың ұлттық ұстанымды ірітіп жатқанын жеткізді.

«Интернет подкастардың бірінде ресми діни құрылымға қатысы жоқ әлдебір “имам-сымақ” үш әйелі барын сөз етіп, соңғысын өзінің шәкіртіне “сыйға тартқанын” жайбарақат жария етті. Бұл мәлімдемені адами моральға жат қылық қана емес, сонымен бірге азаматтық неке жөніндегі заңнаманы көпе-көрнеу бұзу, қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі дінді мансұқ ету және оның құндылықтарына қаса-қана нұқсан келтіру деп түсіну керек. Жалпы адамды сыйға тарту – бұл адам сату, адам саудасы санатындағы қылмыс саналуы тиіс! Заңды белшесінен басып, ойына келген шариғатын шатып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек! Адам түгілі, хайуанға жанашырлық танытуды дәріптейтін дін өкілі өз әйелін хайуаннан бетер етіп, ашық сыйға беруі –қоғамдық жазғыруға пара-пар қылмыс саналуы тиіс!»–деді Бапи.

Депутат Наурыз мерекесін харам деген желі қолданушысына қатысты да пікір білдірді.

«Әлеуметтік желілерді кезіп кеткен бұл дақпырт табиғатпен тел туатын мерекені жоққа шығару ғана емес, сонымен бірге біздің халықтың ғасырлардан тамыр тартатын салт-дәстүріне, ұлттық мәдениеті мен бірегейлігіне күмән келтірудің кебі. Тақуаның ел ішіне тарап бара жатқан түрпі тілімен айтқанда: Иншаллах, қоғамды шулатқан қос қиқушы әкімшілік жазаға тартылып, оларға айып салынды! Бірақ, құрметті Бас прокурор мырза, елдегі діни негіздегі қоғамдық жарқышақ асқынып кетпесін десек, әкімшілік жазамен ғана ушығып бара жатқан жағдайды ауыздықтау аздық етеді! Әсіресе әлеуметтік ресурстар арқылы теріс діни насихат пен діни араздықты қоздырушы тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін заң нормаларын депутаттар корпусының талқылауына ұсынуды сұраймын»,-деді ол.

Сондай-ақ Бапи Қазақстан мұсылмандары қауымдастығына қатысты ұсынысын да айтып өтті.

«Қос дүмшенің дүрбелеңіне қатысты қауымдастықтың дін қайраткерлері мен діни шенеуніктері тарапынан қарсы пікір айтылғанын естімедім. Тіпті, менің ойымша, ресми қауымдастық сырттан сіңген теріс діндарлардан қаймығып, “сен тимесең, мен тимен, бадырақ көздің кебін киген тәрізді. Қарапайым тілде “ҚМДБ” деп қысқартылып аталатын қауым өз жұмысын қайта қарауы керек деп есептеймін. Олар цифрлық кеңістікке шығып, ел іші мен онлайн ортадағы діни кикілжіңге дер кезінде реакция жасап, қоғамды зұлым уағыздар қоршауында қалдырмауы тиіс!»- деп түйіндеді ол.

 

Comments