Алматыға басқа өңірлерден патрульдер келген

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/o4iIyTose7UP3wZCCrX8pAV6akcTDV5at60LG06n.webp

Желі қолданушылары Алматы қаласына басқа облыстардан полиция патрульдері тартылғаны туралы ақпарат таратты. Ішкі істер министрлігі бұл жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Әл-Фараби даңғылы бойымен 01, 03, 09 өңірлеріне тиесілі патрульдік полиция колоннасымен қатар жүрдім», – деп жазды Threads қолданушыларының бірі.

ІІМ мәліметінше, бұл – құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жоспарлы іс-шаралар.

«Ішкі істер министрлігі тарапынан құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жоспарлы іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мұндай тәжірибе жүйелі сипатқа ие және елдің барлық өңірінде жедел әрі криминогендік жағдайға қарай жүзеге асырылады. Қажет болған жағдайда жекелеген өңірлерге практикалық көмек көрсету және профилактикалық жұмысты күшейту үшін қосымша бөлімшелер жіберіледі. Негізгі мақсат – жедел жағдайды тұрақтандыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыру», – делінген хабарламада.

Министрлік барлық іс-шара қолданыстағы заңнама аясында қатаң түрде жүзеге асырылатынын да атап өтті.

Еске салайық, 21 наурызда Алматы қаласының әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болған еді. Mercedes пен Zeekr көліктерінің соқтығысуы салдарынан 3 адам мерт болды. Осы оқиғадан кейін Ішкі істер министрі департаменттегі біраз адамды орнынан босатты.

Comments