Ақмола облысында «Ұлттық спорт күні» аталып өтті

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/KBd5u8nGb4e9l4FjjQZMMGTJsJWNjKU2jSRCr2pS.jpg

Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Талапкер ауылы ІТ мектеп- лицейінде Наурызнама онкүндігі аясында 20 наурыз – «Ұлттық спорт күні» ретінде аталып өтті.

Ұлттық спорт түрлері жас ұрпақты ептілікке, батылдыққа, төзімділікке тәрбиелей отырып, елжандылық пен ұлттық рухты қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Сондықтан «Ұлттық спорт күні» – тек жарыс пен сайыс күні ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, салт-дәстүрімізді ұлықтайтын тағылымы мол мереке. Бұл мереке салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, ата-бабамыздан мирас болып қалған асыл қазынаны жаңғыртуға бағытталған маңызды күн болып табылады.

Осыған орай, ұлттық ойындардың маңызын арттыру, оларды кеңінен насихаттау және жас буын арасында дамыту – баршамыздың ортақ міндетіміз болып табылады.Қазақ халқының ұлттық ойындары – тек көңіл көтеру құралы ғана емес, олар тәрбиелік мәні терең, дене шынықтыру мен ептілікті, батылдық пен тапқырлықты талап ететін дәстүрлі спорт түрлері. Мысалы, көкпар, бәйге, қазақша күрес, асық ату, тоғызқұмалақ сынды ойындар жастарды шыдамдылыққа, күштілікке, ой ұшқырлығына баулиды. Бұл ойындар арқылы жас ұрпақ тек физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да дамиды.

Мектебімізде Ұлттық спорт күніне орай ұлттық ойындарды дәріптеу мақсатында ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Бұл күн оқушылар үшін ерекше әсерге толы болды. Шараның басты мақсаты – оқушыларды салауатты өмір салтына баулу, ұлттық құндылықтарды насихаттау және спортқа деген қызығушылығын арттыру.

Іс-шара барысында оқушылар қазақ халқының дәстүрлі ойындарына белсене қатысты. Атап айтқанда, асық ату, тоғызқұмалақ, қой көтеру, қол күрес, арқан тарту сияқты ұлттық ойындар ұйымдастырылып, қатысушылар өз бақтарын сынады. Әр ойын ерекше қызығушылық тудырып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Әсіресе асық ату ойыны оқушылардың дәлдігін, ал арқан тарту олардың ұйымшылдығы мен бірлігін көрсетті. Қазақша күресте оқушылар өз күштері мен ептіліктерін байқатып, тартысты белдесулер өткізді. Бұл ойындар арқылы оқушылар тек жарысып қана қоймай, бір-біріне қолдау көрсетіп, достық қарым-қатынасты нығайтты.    

Шара соңында жеңімпаздар марапатталып, белсенді қатысқан оқушыларға алғыс білдірілді. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың ұлттық рухын көтеріп, салт-дәстүрге деген құрметін арттырары сөзсіз.

Қорытындылай келе, ұлттық ойындар – халқымыздың баға жетпес мұрасы. Осындай мерекелік күндер арқылы біз ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, жас ұрпаққа үлгі бола аламыз.

Comments