АҚШ Венесуэланың жаңа үкіметін ресми түрде мойындады

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/VLFGUCsKvHBiWqvq3sGOSSHZcyWsGK2RINeJaWfE.webp

 

Фото GettyImages

АҚШ Венесуэлада уақытша президент міндетін атқарушы Делси Родригес басқаратын жаңа үкіметті ресми түрде мойындады. Бұл туралы 7 наурыз күні Флоридада өткен Латын Америкасы елдері лидерлерінің саммитінде АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Трамптың айтуынша, Вашингтон осы аптада Венесуэла үкіметін ресми түрде танып, сонымен қатар алтын саласына қатысты тарихи келісімге қол қойған. Бұл келісім екі елге Венесуэланың алтын және басқа да пайдалы қазбаларын сату бойынша бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді. АҚШ президенті Венесуэлада алтын қорының өте көп екенін және табиғи ресурстары мол екенін атап өтті.

6 наурызда АҚШ билігі Венесуэланың алтын өндіру саласына қатысты санкцияларды жеңілдетті. АҚШ Қаржы министрлігі америкалық компанияларға венесуэлалық алтынды импорттауға, оны өңдеуге және одан өндірілген өнімдерді қайта сатуға рұқсат берді.

Жыл басында АҚШ Венесуэла аумағында әскери операция жүргізді. 3 қаңтар күні ел президенті Николас Мадуро америкалық арнайы жасақ тарапынан ұсталып, АҚШ-қа жеткізілген. Осыдан кейін мемлекет басшысының міндетін бұрын вице-президент қызметін атқарған Делси Родригес уақытша орындауға кірісті.

Жаңа билік Вашингтонның қысымымен саяси тұтқындарды түрмеден босата бастады. Сонымен қатар Родригес пайдалы қазбалар туралы заңдарды өзгертіп, Венесуэланың мұнай секторын шетелдік инвестициялар үшін ашты.

24 ақпанда Дональд Трамп АҚШ Венесуэладан шамамен 89 миллион баррель мұнай алғанын мәлімдеп, елді «жаңа досы және серіктесі» деп атады.

27 ақпанда Делси Родригес АҚШ президентін өз еліне қарсы санкцияларды алып тастауға және венесуэлалық мұнайға қойылған шектеулерді жоюға шақырды. Оның айтуынша, Каракастағы билік Мадуроның биліктен кетуіне қарамастан АҚШ-пен достық қарым-қатынас орнатуға дайын.

5 наурызда АҚШ Мемлекеттік департаменті Венесуэланың уақытша билігімен дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіру туралы келісімге келгенін хабарлады. Ведомство басшысы Марко Рібио АҚШ венесуэлалық халыққа елде демократиялық жолмен сайланған үкіметке бейбіт түрде көшуге жағдай жасау мақсатында кезең-кезеңімен қолдау көрсететінін мәлімдеді.

Comments