Даудың басы қай Дайрабай? Қырғызстан Ресейді сотқа берді

245
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/fwmbFODRfgXw60bmvyzbJbOa5sn2NFq7Sf8fPb98.jpg

Қырғызстан Ресейдің еңбек мигранттарына қатысты келісім талаптарын орындамауына байланысты Еуразиялық экономикалық одақтың сотына талап-арыз жолдады. Бұл туралы Міндетті медициналық сақтандыру қорының төрағасы Азамат Мұқанов айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол Ресейдің ЕАЭО келісімдерінде көрсетілген талаптарды орындамай отырғанын жеткізді.

«Міндетті медициналық сақтандыру полисі Ресейде жұмыс істейтін еңбек мигранттарының отбасы мүшелеріне де берілуі тиіс. Бұл келісімге бес мемлекет қол қойған. Алайда Ресей тарапы бүгінгі күні осы келісімнің 96–97-баптарын бұзып, еңбек мигранттарының отбасы мүшелеріне ММС полисін беруден бас тартып отыр», – деді ол.

Әңгіме 2014 жылы қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жөнінде болып отыр. Бұл құжатта «Еңбек миграциясы» атты бөлім бар. Осы бөлімнің 96-бабында ЕАЭО елдері келісілген көші-қон саясатын жүргізетіні және «мүше мемлекеттердің еңбек миграциясы саласындағы ынтымақтастығы адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау қағидаттарына негізделетіні» көрсетілген. Ал 97 және 98-баптарда ЕАЭО аясында жұмысшы мен оның отбасы мүшелері өзі еңбек ететін елдің азаматтарымен бірдей әлеуметтік сақтандыру мен жедел медициналық көмек алу құқығына ие екені жазылған.

Өткен жылдың қараша айында Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володин шетел азаматтарына медициналық полис беру шарттары өзгергенін хабарлаған болатын. Енді олар елде кемінде бес жыл заңды түрде жұмыс істеген жағдайда ғана тегін медициналық көмек ала алады.

Сот шешімі екі апта ішінде шығады деп күтілуде.

Comments