Қазақстанға кіруге тыйым салынған Дугин елдің тәуелсіздігін теріске шығарды

100
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UqponnOKmc8P6Df0JABWkg2WkXTgsJgdvvqvmIPI.webp

Мәскеуде посткеңестік елдердің егемендігіне қатысты пікірталас тудырған мәлімдеме жасалды. Философ әрі саясаттанушы Александр Дугин Қазақстанды қоса алғанда бірқатар мемлекеттердің тәуелсіз өмір сүру мүмкіндігіне күмән келтірді.

Халықаралық Еуразиялық қозғалыстың басшысы бұрынғы КСРО құрамындағы елдер үшін егемендік тұжырымдамасы өз маңызын жоғалтқанын айтты. Интернетте тараған сөзінің үзіндісінде ол алдағы «жаңа модель» аясында дербес мемлекет ретінде өмір сүруі мүмкін емес деп санайтын елдердің тізімін атады. Аталған қатарға Армения, Грузия, Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан кірді. Оның айтуынша, ұлттық мемлекеттер кезеңі аяқталған.

«Бұл жаңа модельде ешқандай егемен нәрсе өмір сүре алмайды. Бәрі бітті. Егемендік аяқталды. Ұлттық мемлекеттер өткеннің еншісінде қалды. Бұл – қоқыс», - деп түйіндеді Дугин, іс жүзінде өңір елдерінің отыз жылдық тәуелсіз даму жолын жоққа шығара отырып.

Александр Дугиннің бұл пікірлері қоғамда кең талқылауға себеп болды. Ол 2014 жылы Foreign Policy журналы жасаған «әлемдегі 100 жаһандық ойшыл» тізіміне енген, сондай-ақ «Геополитиканың негіздері» атты еңбектің авторы. Бұл еңбек бұрын Ресей Қарулы күштері Бас штабы академиясында оқу құралы ретінде қолданылған.

Айта кетейік, Қазақстан бұған дейін Александр Дугинге және бірқатар ресейлік саясаткерлер мен қоғам қайраткерлеріне елге кіруге тыйым салған. Тыйым салынған тұлғалар қатарында Мемлекеттік дума вице-спикері Пётр Толстой, тележүргізушілер Тина Канделаки, Тигран Кеосаян және Евгений Примаков бар. Бұл шешім ресейлік тарихшы Андрей Грозинге Астанаға кіруге рұқсат берілмегені белгілі болғаннан кейін жария болды.

DW мәліметінше (басылым Ресейде «шетелдік агент» деп танылған), шектеулер Қазақстанды сынаған немесе оның мемлекеттік егемендігіне күмән келтірген жария мәлімдемелермен байланысты болуы мүмкін. Александр Дугин бұған дейін Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалын күшейту қажеттігі туралы бірнеше рет пікір айтқан.

Ресей тарапы аталған шектеулерге қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Comments
Other materials