Ұлыстың ұлы күні. Сирияда да Наурыз мемлекеттік мереке ретінде бекітілді

151
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/MKO8tgOBGl4uZaabBhuweqjOrxBozMZGS1Hj9B7z.webp

Фото: Sana

Сирия Араб Республикасының президенті Ахмад аш-Шараа Наурыз мейрамын мемлекеттік деңгейде тану туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Сирияның ресми SANA ақпарат агенттігі жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Жарлықтың бесінші бабына сәйкес, 21 наурыз — Наурыз мейрамы Сирияның ұлттық мерекесі ретінде ресми ақылы демалыс күні болып жарияланды. Осыған орай, мемлекеттік қызметкерлер аталған күні жалақысы сақталатын демалысқа шыға алады.

«Наурыз мейрамы (21 наурыз) көктем мен бауырластықты бейнелейтін ұлттық мереке ретінде Сирия Араб Республикасының бүкіл аумағында ресми ақылы демалыс күні болып жарияланады», – делінген жарлықтың бесінші бабында.

Құжатта сондай-ақ күрд тілін араб тілімен қатар ұлттық тіл ретінде мойындау жөнінде норма енгізілген. Бұдан бөлек, этникалық және тілдік белгілер бойынша кемсітушілікке заң жүзінде тыйым салынатыны атап өтілген.

Бұл шешім елде он жылдан астам уақытқа созылған қақтығыстан кейін қабылданып отырған кең ауқымды реформалар пакеті аясында жүзеге асырылды. Реформалардың негізгі мақсаты – Сирия қоғамындағы бірлікті нығайту, сондай-ақ елдегі әртүрлі этномәдени қауымдастықтардың құқықтарын мойындау және қорғау.

Сарапшылардың пікірінше, Наурызды мемлекеттік мереке ретінде тану Сириядағы көпұлтты қоғамның мәдени әртүрлілігін құрметтеуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып саналады.

Comments
Other materials