Сот төрағасы "пара алды" деген күдікпен ұсталды

306
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UxRj6IbaPUCwpx9uOli6GuE55bVF35cmni5frMqZ.jpg

Қызылорда облысында Қазалы аудандық сотының төрағасы Дәурен Әбдіқалықов сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Михаил Козачков Telegram-парақшасына сілтеп.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Қызылорда облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері сот төрағасын ұстаған. Тергеу барысында күдіктіге қатысты істің пара алу немесе алаяқтық фактісі бойынша қозғалғаны анықталып жатыр.

Тергеу нұсқасына сәйкес, 2024 жылы алаяқтық қылмысы үшін сотталған азаматтың туыстары жазаны жеңілдету мақсатында Дәурен Әбдіқалықовқа 6 миллион теңге көлемінде пара берген. Нәтижесінде сотталушы шартты жаза алған. Кейінірек ол мерзімінен бұрын босатылу үшін тағы 300 мың теңге жолдағаны айтылып отыр.

Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазалы аудандық сотының судьясы Серік Бертайға қатысты да тергеу жүргізуді жоспарлап отыр. Алайда ол қазіргі уақытта ауруханада ем қабылдап жатқандықтан, әзірге ұсталмаған.

Құқық қорғау органдары аталған іске қатысты тергеу амалдарын жалғастырып жатыр. Өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.

Comments