"Экс-президент" мәртебесінен махрұм саясаткер енді мемлекеттік наградаларынан да айырылды

295
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0MmcF4HT9cgewJMYC0dWs74nYIzUgrIe8uWkZEas.jpg

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев мемлекеттік наградаларынан айырылды. Тиісті жарлыққа елдің қазіргі президенті Садыр Жапаров қол қойды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Атамбаев Қырғыз Республикасының ең жоғары айрықша белгісі — «Қырғыз Республикасының батыры» атағынан, II дәрежелі «Манас» орденінен, «Данакер» орденінен және «Даңқ» медалінен айырылды. Сонымен қатар Жапаров бұл наградаларды беру туралы бұрынғы жарлықтардың күшін жойды.

Құқық қорғау органдарына аталған наградаларды тәркілеп,  мемлекеттік наградалар қорына тапсыру міндеттелді.

Айта кетейік, Алмазбек Атамбаев 2011 жылғы желтоқсаннан 2017 жылғы қарашаға дейін Қырғызстан президенті қызметін атқарды.

2020 жылы ол қылмыстық топ өкілі Азиз Батукаевты заңсыз босату ісі бойынша 11 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылған болатын. Кейін бұл үкімнің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.

2023 жылдың ақпан айында Атамбаев колониядан босатылған еді. Ол бостандыққа шыққаннан кейін келесі күні емделуге Испанияға ұшып кеткен. Сот оған шетелде емделуге рұқсат берген. Содан бері ол елге оралмаған.

2025 жылғы маусымда Атамбаев сырттай 11,5 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкін тәркілеу және мемлекеттік наградаларынан айыру жазасына кесілді. Бұл үкім Қой-Таш ауылында жер телімдерін заңсыз алу, заңсыз баю және 2019 жылғы тамызда Қой-Таш ауылында болған тәртіпсіздіктерге қатысу фактілері бойынша шығарылды.

Қырғызстан парламенті 2019 жылы осы әрекеттеріне байланысты айыпталған Алмазбек Атамбаевты экс-президент ресми мәртебесінен айырған болатын. Бұл оны тиісінше оған тиіспеу (иммунитет) құқығынан да махрұм еткен. Осы әрекеттер бұрынғы басшыны жауапқа тартуға жол ашқан.   

Comments