Астана қаласында жыл сайын 50-100 жылы аялдама іске қосылады. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
Қала басшысының айтуынша, мегаполистің қарқынды дамуына байланысты жаңа аудандар пайда болып жатыр. Мәселен, өткен жылы алтыншы аудан құрылған. Алдағы уақытта қала өсімі осы қарқынмен жалғасса, жаңа аудандардың ашылуы да мүмкін.
Әкімнің сөзінше, бір жылы аялдаманың құны 10-15 млн теңге. Бұл ең алдымен бюджеттің мүмкіндігіне байланысты. Сонымен қатар аялдаманы орнату кезінде жолаушылар саны да ескеріледі.
«Егер бір жерде бар болғаны он жолаушы болса, ондай аялдаманың қажеті бар ма, жоқ па деген мәселе туындайды. Біз жылы аялдамаларды негізінен халық көп шоғырланған аумақтарға орнатып отырмыз», – деді Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, жыл сайын әр аудан бойынша орта есеппен 15 жылы аялдама салу жоспарланған. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.
«Бюджет мүмкіндігі артса, аялдамалар саны да көбейеді», – деп түйіндеді.