Ел алдында ер Бекежан болып қалды...

120
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/tLLJjLug1V7HnCIVc9cW9Mi3AI2kQYcxE27U9SPW.jpg

Қайсар чекист Қасымхан бейнесі көзден кетпейді…

 Аты аңызға айналған алып өнер тарланы Асанәлі Әшімов ағамыз да өмірден өтіпті… Алла алдынан жарылқасын! Күрделі тұлға еді…  Тағдырдың тартуын,  салғанын да, салмағын да көтерді. Асыл жардан, қос ұлдан айрылу жауыңа тілемейтін ауыр қайғы еді... Өмірдің сын сағаттарында сыр білдіріп алғаны да рас… Екі дәуірде де айтқаны болды-айдағаны жүрді. Өнердің алтын дәуірінің аяғы, алыптардың соңғы тұяғы еді…
Елдің көз алдында  ер Бекежан болып қалды. Қайсар чекист Қасымхан Шадияров бейнесі көзден кетпейді…

Иә, “Қыз-Жібек” киносы сән-салтанатымен, даңқымен қазақ даласын дүбірлетіп жібергенде көшеде  кездесіп қалған кемпірлер кинодағыдай Бекежанның бетіне түкіргені талай жазылды. Бұл нағыз образды ойып тұрып күшті сомдай білгеннің өмірдегі көркем көрінісі еді… Өз рөлін керемет  шынайы орындағаны сонша, кейде маған Асекең Бекежан рөлін емес, өзін ойнағандай көрінеді…

2011 жылы болу керек, ұлы ақынымыз Мұқағалидың 80 жылдығына Қарасазға бардық. Сонда Асанәлі Әшім ағамызды отбасымен және белгілі қоғам қайраткері, қаламгер Марат Тоқашбай үшеумізді қонуға  бір үйге түсірді.
Сонда Бағдат жеңгеймен танысып, Асекеңе “Біздің үйдегі келініңіз де жазиралы Жаркент өңірінен”  дегенімде: “Ой, жақсы болды ғой, жұмсайтын жас бажа табылды” деп рахаттана күлген еді. Асекең сол күні түнімен өнер туралы, өзі қолына су құйған Шәкен Аймановтай алыптар жайлы, театр-кино саласындағы өз басынан өткен әңгімелерді айтып шыққан еді... 
Соңғы рет осы жазда арынды ақын Бақыт Беделхан бауырымның 50 жасқа толған тойында көрдім. Бір үстелде отырдық. “Бажалар чатын ашайын деп жатырмыз, басында өзіңіз тұрасыз” деп әзілдегенімде, “жарайды”-деп күлген болатын.

Тоқсанға бір-екі жас жетпей кетіпті…
Отбасына, ұлына, Бағдат жеңгемізге, туған-туыстарына көңіл айтамыз.
Қазақ өнеріне көңіл айтамыз.
Пейіште рухы шалқи бергей.
Иманы саламат болсын!

Қазыбек Иса

Comments
Other materials