Семейде «Жошы хан» және «Бату хан» тарихи романдарының тұсаукесері өтті

194
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/m1CZ1wTFHM8NMvL9Aw3rc066zkk5qTKHA0GqrrQr.jpg

Тәуелсіздік күні қарсаңында Абай облысы әкімінің қолдауымен, Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен жазушы, «Құрмет» орденінің иегері, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» және «Бату хан» атты тарихи романдарының тұсаукесері өтті.

Рухани іс-шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, қаламгерлер, тарихшылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен тарих мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер қатысты.

Тұсаукесер рәсімін Абай облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов жүргізді.

– Мемлекет басшысының Жарлығымен қабылданған ішкі саясаттың негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бір жүйеге келтірген тұжырымдамалық құжатта: «Қазақстандық патриотизм мемлекетке, оның рәміздері мен ұлттық мәдениетіне құрметпен қарау, еліміздің тарихи және рухани құндылықтарын қадірлеу, Отанымыздың бүгіні мен болашағына жауапкершілікпен қарау деген мағынаны білдіреді», – деп жазылған. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ел тарихының ең күрделі әрі тағдырлы кезеңдерін арқау еткен Жошы хан мен Бату хан туралы романдардың таныстырылуы – ұлттық рухты нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Бұл қос кітапты тарихи сананы жаңғырту жолындағы баға жетпес рухани қазына деуге болады. Аталған туындылар тарихи тұлғаларды көркемдік пен деректілік тұрғысынан жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді, – деді басқарма басшысы.

Өз кезегінде тарихи романдардың авторы Ұларбек Дәлейұлы шығармалардың жазылу мақсаты мен идеялық маңызына кеңінен тоқталды.

– Абай еліне келу – мен үшін үлкен мәртебе. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында осындай қасиетті өңірде оқырмандармен жүздесу – зор жауапкершілік. Бұл кітаптар белгілі бір мақсатпен, тарихқа деген терең құрметтен туған еңбектер. Романдарда Жошы ханнан кейін билікке келген Бату ханның жастық шағы, Шыңғыс қағаннан бата алған сәті, алғашқы жорықтары мен күрделі тарихи тартыстарға толы кезеңі көркем әрі деректі негізде суреттеледі. Еңбек кең оқырман аудиториясына арналған. Алғашқы тиражы 2 000 дана болып жарық көріп, бүгінде оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие болып отыр, – деді автор.

Тұсаукесер барысында сөз алған зиялы қауым өкілдері жаңа туындыларға жоғары баға беріп, кітаптардың ұлттық рухты күшейтудегі, жас ұрпақтың тарихи сана-сезімін қалыптастырудағы маңызын атап өтті. Қатысушылар авторға сұрақтар қойып, шығармалардың жазылу тарихы төңірегінде пікір алмасты.

Іс-шара соңында мәртебелі мейман Ұларбек Дәлейұлына Абай облысы әкімінің Алғыс хаты табысталып, қазақтың дәстүріне сай иығына шапан жабылды.

Comments