"Жырұйық". Ақын Қорғанбек Аманжолдың жаңа жыр жинағы жарық көрді

192
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/wn3530ync1MsXu7uC9Bds0FEtZWOwACVSP3wfbLP.jpg

Ақын Қорғанбек Аманжол «Жырұйық» атты өлеңдер жинағының жарық көргенін жариялады. Жаңа кітапты ол «Атамұра» баспасынан алып, бұл сәтті «перзентімен қайта қауышқандай ерекше сезім» деп сипаттады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ақынның айтуынша, екі жыл бұрын Алматыда өткен бір шара кезінде "Атамұра" корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед кітапты шығаруға уәде берген. Қорғанбек Аманжол осы уәденің бүгін толық орындалғанын айтып, баспа жетекшісіне шынайы ризашылығын білдірді.

"Келісімшартқа қол қойғанымызға да көп бола қойған жоқ. Оның шарттары авторға аса қолайлы болып шықты. Айтарлықтай қаламақысын да алдын ала төлеп қойды. Әлдебір баспалардай ешқандай ыңғайсыз шарт, талаптар қойған жоқ. Кітапқа кірген өлең-жырларымның құқығы да өзімде қалды. Бұған қоса, 100 дана кітабымды қанжығама тегін байлап берді. Мұндай жақсылығына рахметімді тілмен айтып жеткізе алмаймын. Әулетіңмен мың жаса, кезінде Мұхтар Мағауин ағатайым айтқандай, мен де Рахмет, Рақымғали! деймін. Ақын-жазушы, басқа да авторлар, оқырмандар арасындағы мерей, мәртебең биіктей берсін, бауырым! Інілік ізетіне де іштей разы болдым. Қанша әңгіменің басын қайырдық. Ауылдың абызындай болған ақылман Абрар әкесі туралы көп-көп өнеге-ғибраттарға қанықтым. Абзал әкеге арналған қалың кітапты асқан қызығушылықпен парақтап шықтық. Сонымен бірге, Рақымғали жақында жарық көріп, жоғары бағаланып, тез арада ел іздеп жүріп оқитын танымал туындыға айналған Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің "Менің ағаларым" атты көрнекті һәм көркем кітабын сыйға тартты. Бұл кітапты сатып алғалы жүр едім. Сөйтіп, тағы да олжалы болдым. Тағы қуандым. Рақымғали бауырымның арқасында! "Атамұра" баспасы әдемі етіп шығарған "Жырұйық" өлең кітабымды алыңыздар, оқыңыздар, достар. Өкінбейтініңізге мен кепілмін..." - деп жазды ақын.

Comments