Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов ерекше балалардың ата-аналарына тіл тигізген блогерді қатаң жазалау керектігін айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Азаматшаны қылмыстық жазаға тарту керек. Егер әкімшілік жазамен құтылатын болса, ол екінші рет осындай жағдайдың қайталануына себепті болады»,-деді ол.
Депутат өзінің де ерекше бала тәрбиелеп отырғанын жеткізді.
«Кіші қызым ерекше жағдайдағы бала. Біз де осындай бала өсіріп отырған соң ата-аналардың психологиясын, өмірге көзқарасын өте жақсы білеміз. Сондықтан ондай ата-аналарды ерекше қорғауға алу керек. Ерекше баланы тәрбиелеп отырғандарды елдің бәрі түсіне бермейді. Мен бұны жақсы білемін. Бұндай ата-аналарға ерекше қолдау қажет. Менің ойымша, петиция жинаудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Петициясыз-ақ біздің құқық қорғау органдары түбейлі шешім қабылдауы тиіс. Егер әкімшілік жазамен шектелетін болса, бұл мәселеге өзім де араласатын боламын»,-деп қосты Саурықов.
Бұған дейін Астанада полиция әлеуметтік желілерде мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарын қорлайтын сөздер айтылған видеоны таратқан блогерді ұстаған еді. ПД мәліметінше, ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа дайындалып жатыр.