Жекеменшік мектептің жыры. Мұғалімдер бірнеше ай бойы жалақы алмаған

718
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/075QblcanDxjxyYUSbO6K34pNnH9UCkyoCwUNDAH.webp

Ақтөбеде екі жекеменшік мектеп мұғалімдері төрт айдан бері еңбекақысыз жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КТК арнасына сілтеме жасап.

Мәселені алғаш болып жария еткен педагогтар жағдайдың шегіне жеткенін айтады.

Мұғалімдердің сөзінше, соңғы рет жалақы тамыз айында төленген. Содан бері мектеп әкімшілігі үнемі уәде бергенімен, қаржы қолдарына тимеген. Қиындыққа шыдай алмаған жүзге жуық мұғалім жұмыстан кетуге мәжбүр болған, ал қалғандары қарызға батып отыр.

«Тамыз айынан бері ақша жоқ. 400-ден астам мұғалім бар. Барлығында несие, отбасылық шығындар бар. Жағдай өте ауыр. Біз көмек сұраймыз», – деді ағылшын тілі мұғалімі Нұргүл Төлебаева.

Өзге ұстаз несиелерін төлей алмай, банктің қара тізіміне енген.

«Көпшілігіміз банктердің қара тізіміне түстік. Ипотека, несие… Әр он күн сайын ақша түседі деп айтылады, бірақ нәтиже жоқ. Көп мұғалім күн көруге ақша таппай, жұмыстан кетіп жатыр», – дейді педагог Гүлмира Жүсіпова.

Жекеменшік мектептер мемлекеттік қаржыландыруға сүйенеді. Алайда жаңа қаржыландыру жүйесі бірнеше ай бойы істемей, процесті толық тоқтатып қойған. Соның салдарынан ұстаздарға қарастырылған қаражат ешқайда түспеген.

Ақтөбе облысының білім басқармасы бюджеттен жекеменшік мектептердің мұғалімдеріне 4 миллиард теңге бөлінгенін мәлімдеді.

«Жұмыстар жүріп жатыр. Мектеп e-Qazyna порталында расталғаннан кейін сертификат электронды шот-фактурамен бірге қалыптасады. Содан кейін қаржыландыру басталады», – деді басқарма басшысының орынбасары Ақкенже Тындыбаева.

Қазіргі таңда мектеп басшылығына еңбекақыны кешіктіргені үшін бар болғаны 300 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

Comments