Орталық Азия елдері университет дипломдарын өзара жарамды деп тану туралы келісімге келді. Қазақстан үкіметі тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Үкімет Қырғызстан министрлер кабинеті, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан үкіметтері арасындағы жоғары білім туралы құжаттарды өзара тану жөніндегі келісімді мақұлдады.Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес аккредиттелген жоғары оқу орындары берген жоғары білім туралы құжаттарды (дипломдарды) мойындайды»,- делінген хабарламада.
Сондай-ақ қаулыда жоғары білім туралы құжаттарды тану Орталық Азияның басқа республикасында жұмысқа орналасу, тағылымдамадан өту немесе оқуын жалғастыру кезінде қолданылатыны нақтыланған. Егер дипломға қойылатын талаптарда елеулі айырмашылықтар анықталған жағдайда басқа мемлекеттің дипломын жарамды деп танылмайды.
Құжатта басқа да ерекшеліктер көрсетілген. Мәселен, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдері кез келген жоғары оқу орнының дипломдарын мойындаса, Қазақстан өзге тарап-мемлекеттердің дипломдарын тек әлемдік QS, THE және ARWU рейтингтерінің Top–1000 қатарына кіретін оқу орындары берген жағдайда ғана таниды.
Орталық Азияның басқа республикалары бұл келісімді Қазақстан сияқты ресми түрде мақұлдағаны туралы ақпарат жоқ. Мысалы Қырғызстанның Ғылым, жоғары білім және инновациялар министрлігі құжаттың әлі де ішкі мемлекеттік келісу рәсімдерінен өтпегенін жеткізді.
At the invitation of Putin, the leaders of 6 countries went to the Victory Parade in Moscow. Among them is Kassym-Zhomart Tokayev.