Белгілі актриса Рымкеш Омарханова өмірден озды

838
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Xu4rUg3Vsl5J0EpDyhVHBnNPZHYKGDGJCC1P8FJT.webp

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса өмірден өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының негізін қалаушылардың бірі, көрнекті актриса Рымкеш Омарханова өмірден озғаны туралы драма театры хабарлады.

«Рымкеш Омарханқызының өмірден өтуіне байланысты марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Рымкеш Омарханқызы жарты ғасырдан астам уақытын ұлттық сахна өнерінің дамуына арнаған, 150-ден астам рөлді сомдап, қазақ театрының алтын қорын байытқан дара актриса болды. Ол Қарағанды қаласындағы С.Сейфуллин атындағы театрда шыңдалып, кейін елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының ашылуына зор үлес қосты», – делінген.

Актрисаның еңбек жолында Мақпал («Қозы Көрпеш – Баян Сұлу»), Төлегеннің анасы («Қыз Жібек»), Мөржан («Қарагөз»), Еңлік («Еңлік–Кебек»), Таңқыбике («Түнгі сарын»), Толғанай («Ана–Жер–Ана»), Катерина («Найзағай»), Джульетта («Ромео мен Джульетта»), Биғайша («Күшік күйеу»), Ганна («Кеш») сияқты рөлдер бар.

Рымкеш Омарханова қазақ театры мен мәдениетіне қосқан орасан зор үлесімен есте қалады.

Comments