17 млрд долларлық мәміледен – Ибраһим келісіміне дейін. Президенттің АҚШ-қа сапары неліктен маңызды?

1307
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/JM0hLQJb80UR0Yge21jEtDldkAYfDRuB4ITVhzQN.jpg

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаеа пен АҚШ басшысы Дональд Трамп арасында 17 млрд доллардан асатын коммерциялық келісімдер жасалды, деп хабарлайды “Адырна”.

Ақ үйдегі кездесуде Мемлекет басшысы Вашингтонға шақырғаны және қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжай көңілі үшін АҚШ Президентіне ризашылық білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың президенттік лауазымының тарихи сипатына тоқталып, оның басшылығымен АҚШ әлемнің жетекші экономикалық, саяси және технологиялық державасы ретіндегі позициясын күшейтіп келе жатқанын атап өтті.

Қазақстан Президентінің айтуынша, Америка көшбасшысы жер жүзінің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

Мемлекет басшысы Қазақстан АҚШ Президентінің бітімгерлік бастамаларын толық қолдайтынын жеткізді. Соның ішінде келешекте Орта дәлізді одан әрі дамытуға ықпал ететін "Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолына" (TRIPP) ерекше назар аударды.

Дональд Трамп АҚШ-тың Қазақстанмен көпжоспарлы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытуға ниетті екенін растады.

Сапар аясында Қазақстан мен Құрама Штаттары арасында жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды.

Әңгімелесу барысында екіжақты ықпалдастықтың кең көлемдегі мәселелері жан-жақты талқыланды, өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективті бағыттары нақтыланды.

Сонымен қатар, президенттер халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Kazinform агенттігінің хабарлауынша, осы кездесулердің бірінде АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанмен серіктестіктің барлық саласы маңызды екенін айтып, Қазақстанға келуі мүмкін екенін де айтып қалған.

– Бұл әбден мүмкін (Қазақстанға сапармен келу – ред). Барлық сала өте маңызды деп санаймын. Бір жылдан кейін не болатынын білмейміз. Сіздің табиғи ресурсқа бай еліңіз, сондай-ақ парасатты Президентіңіз бар, - деп жауап берген АҚШ президенті Дональд Трамп қазақстандық БАҚ сауалына.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақ үйде тарихи кездесу ұйымдастырғаны үшін АҚШ басшысына алғыс айтып, С5+1 форматындағы саммит шын мәнінде Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқанына назар аударды.

Президент АҚШ-қа бара сала алғашқы келісімді аса маңызды минералдар саласынан бастады. Қазақстан Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен АҚШ Сауда министрі Говард Латник аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғаны бұдан алдын хабарланған.

Келіссөзде геосаяси мәселелердің маңыздысы ретінде мынаны айтуға болады. Қазақстан басшысы Америкадағы кездесулердің бірінде Ибраһим келісіміне қосылатынын мәлімдеген. 

Ибраһим келісімі деген – Таяу Шығыстағы кикілжіңді біржақты ету үшін АҚШ 2020 жылы әзірлеген келісімді атайды. Оның «Авраам келісімі» деген сыңар атауы да бар. Бұл – Израиль мен араб елдері арасындағы бейбіт қатынасты нығайтуға арналған келіссөздер. Келісім 2020 жылы Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және Марокко арасында жасалған-ды. Кейін келісімге Египет пен Судан кірді. Қазір Ақ үй әкімшілігі Қазақстан мен Әзербайжанның да осы келісімге қосылуына мүдделі. 

 

Comments