Астана қаласының Байқоңыр ауданында төтенше жағдай тіркелді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
ТЖД дерегіне сәйкес, Шолпан Иманбаева көшесіндегі көпқабатты үйдің 15-қабатына шыққан бойжеткен өз-өзіне қол салмақ болған.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, тұрғындар жедел қызметтің 112 нөміріне қоңырау шалып, жас қыздың жоғары қабаттан секіргелі жатқанын хабарлаған. Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар көрші пәтердің терезесі арқылы қызды ұстап қалып, аман алып қалған.
«Құтқарушылардың бірі көрші пәтердің терезесіне шығып, қызды ұстап үлгерді. Осылайша 1999 жылы туған азаматша құтқарылды», – делінген ТЖД хабарламасында.
Құтқарушылардың жедел және батыл әрекетінің арқасында қыздың өмірі сақталып қалды.
Бұл оқиғаға куә болған тұрғындар түсірген бейнежазба әлеуметтік желіде кең таралып, қызды аман алып шыққан сәтте жерде тұрған халықтың ду қол шапалақтап алғыс білдіргені байқалады.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.