"Жаңа алтын дәуір". АҚШ президенті мен Жапонияның жаңа премьері алғаш рет кездесті

1148
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UDxiB4wefKgnqXnfAILqllFtSkwxrx22XlqYVP45.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп Жапонияның жаңа премьер-министрі Санаэ Такаитимен алғаш рет кездесті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Reuters-ке сілтеп.

Бұл кездесу АҚШ президентінің 28 қазан күні Токиоға ресми сапары барысында болған.

Қос тарап америка-жапон альянсын жаңа деңгейге көтеруге уағдаласты және сирек жер металдары саласында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл бастаманың мақсаты — Қытайға тәуелділікті азайту.

Трамп кездесудің басында марқұм Синдзо Абэ туралы естеліктермен бөлісіп, Такаитидің оның саяси ісін лайықты жалғастыратынына сенім білдірді.

"Мен Синдзодан сіз туралы көп естідім. Сіз Жапонияның ұлы премьер-министрлерінің бірі боласыз", — деді Трамп.

Өз кезегінде Санаэ Такаити АҚШ пен Жапония арасындағы қатынастарды «жаңа алтын дәуірге» жеткізуге уәде берді және Трамптың халықаралық бейбітшілік орнатудағы еңбегін атап өтіп, оны Нобель сыйлығына ұсынатынын айтты.

Кездесу барысында Жапония АҚШ-қа 550 миллиард доллар көлемінде инвестиция салатынын және америкалық тауарларды көбірек сатып алуға ниетті екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, АҚШ Жапонияға F-35 ұшақтарына арналған ракеталардың алғашқы партиясын жеткізуге келісті.

Трампқа Санаэ Такаити ерекше сыйлықтар тарту етті. Синдзо Абэ ойнаған гольф таяқшасы, жапон гольфшысы Хидэки Мацуяманың қолтаңбасы бар сөмке және «Japan is back» жазуы бар екі бейсболка.

Келіссөздерден кейін екі ел басшылары америкалық әскери-теңіз базасына барып, теңіз күштері сарбаздарымен кездесті.

"Бұл әйел — нағыз жеңімпаз", — деп атап өтті Дональд Трамп Жапония премьері туралы.

Comments