Жыл сайын 19 қазанда Құтқарушылар күні аталып өтеді. Бұл күн – табиғи және техногендік апаттардың алдын алу мен салдарын жою бағытында қажырлы еңбек етіп жүрген азаматтық қорғау саласының қызметкерлеріне, яғни құтқарушыларға арналатын кәсіби мереке.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1995 жылғы 19 қазандағы қаулысымен елімізде Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылған болатын. Сол күннен бастап елімізде азаматтық қорғау жүйесі қалыптасып, түрлі төтенше жағдайларда жедел әрекет ететін арнайы құрылымдар жүйелі түрде жұмыс істей бастады. 2008 жылдан бастап бұл күн ресми түрде Құтқарушылар күні ретінде атап өтіледі.
Құтқарушылар – бұл тек өрт сөндірушілер ғана емес, олар – су тасқынында, жер сілкінісінде, жол апатында, өндірістік апаттарда, орман өрті мен түрлі табиғи апаттарда алдыңғы шепте жүретін мамандар. Олар адам өмірін сақтап қалу үшін күн сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келеді. Бұл – жоғары кәсібилікпен қатар, үлкен рухани жауапкершілік пен ерлік талап ететін мамандық.
Құтқарушылардың еңбегі – қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігіне бағытталған. Олардың жылдам әрекеті мен кәсіби дайындық деңгейі – көптеген адамның өмірін сақтап қалуға себеп болып жатады. Осы орайда құтқару қызметінің дамуына және материалдық-техникалық базасының жаңаруына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді.