Батыс Қазақстан облысында «Адал ұрпақ – ортақ міндет» атты ата-аналар комитетінің облыстық форумы ұйымдастырылды. Ауқымды шараға ата-аналар, білім беру ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер мен бала қауіпсіздігіне жауапты мамандар қатысты.
Форум аясында қатысушылар бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылап, отбасылық құндылықтарды дәріптеу мен ата-аналардың тәрбие үрдісіндегі рөлін арттыру жайында пікір алмасты. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне белсенді араласып жүрген ата-аналар марапатталды.
Жиында сөз алған мамандар бала тәрбиесі – мемлекеттік маңызы бар мәселе екеніне ерекше тоқталды. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі. Осыған байланысты білім беру ошақтарында тәрбие жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Алайда, мамандардың айтуынша, бұл ретте барлық жүктемені мұғалімге артып қою жеткіліксіз.– Баланың қалыптасуына тек мектеп қана емес, отбасындағы ахуал да тікелей әсер етеді. Сол себепті ата-аналардың белсенділігі мен жауапкершілігі аса маңызды. Форумның негізгі мақсаты – мектеп, отбасы және қоғам арасындағы өзара байланысты нығайту, – дейді ұйымдастырушылар.

Бүгінде облыс мектептерінде оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесі, патрульдік бағдарлама сынды түрлі жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, сенім телефондары арқылы балаларға құқықтық, психологиялық қолдау көрсету шаралары да қолға алынған.БҚО бала құқығы жөніндегі өңірлік уәкілі Шаттық Өтебалиеваның айтуынша, баланың тұлға ретінде қалыптасуында үйдегі жайлы ортаның маңызы зор. – Әрбір ата-ана өз баласының жан дүниесін түсініп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Тек мектепке сеніп отыру аздық етеді. Үй мен мектеп арасындағы байланыстың нәтижелі болуы – ортақ мүдде, – деді өңірлік уәкіл.
Форум барысында мектеп пен ата-аналар арасындағы әріптестік мәселелері кеңінен сөз болды. Тың тәжірибелер талданып, ата-аналар комитетінің жұмысынан үлгілі мысалдар келтірілді. Сонымен қатар, «Адал азамат» атты тәрбие тұжырымдамасының мазмұны талқыланып, нақты іс-шаралар жоспары ұсынылды.
Іс-шара соңында мектеппен тығыз байланыста жұмыс істеп жүрген белсенді ата-аналар марапатталды.
Deprivation of the source of life. The Kyrgyz side said that they had no water and they burst out of their minds