«Құлагердің» жетекшісі алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

1196
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pwTWP7yHWmdweYZnbETiZCbLsrv3S6CW7LVyb0Rm.png

Петропавл қаласындағы «Құлагер» хоккей клубының жетекшісі Сергей Филь алаяқтық жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.

Ол із-түзсіз жоғалып кеткен, қазіргі уақытта полиция оны іздестіріп жатыр, деп хабарлайды.

«Полицияға “Құлагер” командасының хоккейшілері жүгінді. Бұл дерек бойынша 45 жастағы Астана тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оның тұрған жерін анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде», – деді Петропавл қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімінің бастығы Азамат Бектұрғанов.

Істің өзге мән-жайлары әзірге жария етілмеген.

Сергей Филь 2024 жылдың желтоқсанында «Құлагер» хоккей клубына жұмысқа қабылданған. Ал 24 қыркүйектен бастап жұмысқа шықпай, із-түзсіз жоғалған.

Бейресми деректерге сүйенсек, Сергей Филь легионерлерден 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ақша алған. Ол бұл сомаға олардың Ресей азаматтығынан Қазақстан азаматтығына тезірек өтуіне көмектесемін деп уәде берген. Алайда ақшаны алған соң жоғалып кеткен. Қазір төрт жәбірленуші полицияға арыз түсірген.

Halyqstan Telegram-арнасының хабарлауынша, Фильдің қылмыстық өткені болуы мүмкін. 7152.kz порталы таратқан мәліметке сәйкес, осындай аты-жөні бар адам бұған дейін алаяқтық, ұрлық және зорлық қолдану қылмыстары бойынша іздеуде болған.

Алдын ала мәліметтерге қарағанда, іздеудегі адам – Челябі облысының Миасс қаласының тумасы, ол түрлі атпен әрекет етіп, пәтер жалдап, өзгенің мүлкін ұрлап, кейін жасырынып жүрген.

Қазіргі таңда ресми түрде іздеудегі адам мен «Құлагер» хоккей клубының қызметкері Сергей Филь — бір адам екені дәлелденген жоқ. Бұған дейін клуб басшылығы оның өткеніне қатысты ештеңе білмегенін және құқық қорғау органдарынан ешқандай шағым түспегенін мәлімдеді.

Comments